Білім гранты табысталды

961

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Онда мектеп бітіруші түлектерге білім гранты табысталды.

Пәндік олимпиада университеттің ұйымдастыруымен Ұлттық бірыңғай тестілеуде бар 18 пән бойынша 16 сәуір мен 11 мамыр аралығында өткізілген болатын.

Білім бәйгесіне облыстағы мектептерден 1224 оқушы қатысты. Бірінші кезеңде e-univer.korkyt.kz платформасы арқылы тест тапсырса, екінші кезеңде шығармашылық тапсырмалар орындады. Олимпиада нәтижесінде 20 оқушы топ жарып, университеттің 15 білім беру бағдарламасы бойынша ішкі білім грантын иеленді.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова олимпиадада шын мықтылар анықталғанын атап өтті.

– Алдағы оқу жылында университеттегі білім алушылар қатары дарынды жастармен толығатынына қуаныштымыз. Білімді әрі тәрбиелі, мақсаты айқын білімгерлердің ел үмітін ақтайтын сапалы маман болып шығарына сенімдімін, – деді ол.

Биыл пәндік олимпиада жеңімпаздарына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 20 гранты берілді. Оның ішінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» пәндері бойынша 3 білім гранты көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің атынан тағайындалды. Университет тарапынан «Математика» пәні бойынша 2 грант Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сайлыбаевтың атынан ұсынылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<