Білім мен ғылымның әлеуеті артып келеді

1141

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 85 жылдық тарихы бар білім ордасы ретінде өңірдің бірегей рухани орталығына айналған. Айталық, бүгінде университетте 5 институт, 24 кафедра, 5 ғылыми орталық қызмет етеді. Профессор-оқытушылар құрамы 560 адам, оның ішінде 22 ғылым докторы, 176 ғылым кандидаты, 37 философия докторы (PhD) бар.

Қазіргі заман талабына сай оқу орнында 4 бағытта жұмыс жүргізіледі. Атап айтқанда, білім беру, ғылым және инновацияны дамыту, әлеуметтік-мәдени бағытты қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамалар өз нәтижесін беріп отыр.

Университеттің басқарма төрағасы – ректоры, қалалық мәслихат депутаты Бейбіткүл Кәрімова халық алдындағы есеп беру кездесуінде 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстардың жайын баяндады. Оқу орнында ғылымды және ғалымдарды қолдау басты назарда екенін, соған сәйкес ғылыми жобалардан түскен табыс та жыл сайын артып келетінін атап өтті.

– Университетте 17 фундаменталды және қолданбалы ғылыми жоба іске асырылуда. Сонымен қатар біздің ғалымдар Нова Лиссабон университетімен бірге «Горизонт-2020» жобасын (Португалия) және Германияның гуманитарлық зерттеулер қорымен бірге археологиялық жобаны жүзеге асырып жатыр, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы. Сондай-ақ, ректордың айтуынша, биыл Мичиган университетімен бірлесіп «Қазақстан университеттерінде экология және табиғатты қорғау ғылымдары бойынша негізгі оқу бағдарламаларын ілгерілету» жобасы іске асырылуда. Жобаны АҚШ елшілігі қаржыландырған.

Оқу орнында халықаралық ынтымақтастықты нығайту шаралары да табысты іске асырылуда. Айталық, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша 25 студент шетелге оқуға жіберілсе, 12 шетелдік студент осы университетте білім алуда. Сонымен қатар, есепті кезеңде 10 шетелдік маман дәріс оқып, ғылыми кеңес беруге шақырылды. Ал университеттің TOEFL тестілеу орталығында 33 қызметкер оқиды.

Бүгінде 115 білім беру бағдарламасы бар. Оның ішінде еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша білім беру талабы басты назарда. Әрине, білім алушылардың сұранысқа сай маман болуымен қатар жұмысқа орналасуы да өзекті. Сондықтан студенттердің оқу процесі кезінде тәжірибеден өтуі жолға қойылған. Ол үшін өндіріс орындарында 21 кафедраның 94 филиалы қызмет көрсетеді. Өндіріс орындарымен, мекемелермен 60-қа жуық меморандум жасалған. Осындай өзара келісім аясында өндіріс орындарына 632 түлек жұмысқа орналасқан.

Биыл университетте мемлекеттік грантпен 3155 студент оқиды. Ал, ақылы негізде 5783, жергілікті бюджет есебінен 76 студент білім алуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, студенттер үшін лайықты жағдай жасау бағытында оқу процесіне қатысты және әлеуметтік қолдау аясын кеңейту мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынған. Сондықтан талапкерлер қатары да жылдан жылға көбейіп келеді. Дәлірек айтсақ, 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда, биыл студент саны 70 пайызға артса, грант көлемі 2,3 есе ұлғайып отыр.

Заманауи білім беру талаптарына сай оқу орнының материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жаңарып келеді. Осы күнге дейін серіктестердің қаражаты есебінен 11 дәрісхана, 1 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, университеттегі 22 жастар ұйымы, 13 спорт секциясы білім алушылардың оқуын тәжірибемен ұштастырып, қоғам талабына сай белсенді тұлға ретінде қалыптасуына және салауатты өмір салтына бейімделуіне оң ықпал етеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бүгінде QS әлемдік рейтингісі бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің ЖОО арасында ТОП-351-400 қатарына кіреді.

Есепті кездесудің қорытынды сәтінде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, университет профессорлары Қазыбай Құдайбергенов, Серікбай Қошқаров, облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, университеттің директорлар кеңесінің мүшесі Ғалия Дәулетова пікірлерін білдіріп, есепті кезеңде  атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Сонымен қатар, алдағы жоспар негізінде жүзеге асырылатын жаңа бастамаларға байланысты ұсыныстарын айтты.

Айта кетейік, университет студенттері арасында Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегерлері бар. Мысалы, 2021-2022 оқу жылы 17, ал 2022-2023 оқу жылы 21 студент осы мүмкіндікке қол жеткізген. Жиында сөз алған үздік түлектер өз жетістіктерінде білікті оқытушылардың айрықша еңбегі бар екенін атап өтіп, алғыстарын айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<