Білім ордасының белесі

116

0

Қызылорда қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінің 60 жылдығы аясында өнер, білім, спорттық, танымдық бағытта түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылды.

Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырған білім ордасынан дарынды дарабоздар шыққан.  Олар түрлі салада, еліміздің әр өңірінде еңбек етуде.

Мерейтой аясында   мектеп-лицейде салтанатты жиын өтті. Оған облыстық білім басқармасының мамандары, сала ардагерлері, мектеп түлектері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Алдымен ардагер ұстаз Бақыт Ерескенқызының «Алтын ұя мектебіме 60 жыл» кітабының тұсаукесері өтті. Мұнан соң тарихтан сыр шертетін музейдің ашылу рәсімі өтіп, оның қорындағы құнды мәліметтер таныстырылды. Музейде Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректер, суреттері және алғашқы директор Қасымбек Ыбыраевтың бюсті қойылды. «Сан ұрпақтың бойында тамшы нәрі, білімнің Сәкен жаққан шамшырағы» атты фотокөрме жасақталып, 60 жылдық тарих кезең-кезеңге бөлініп, сыр шертілген. Оқу орнының түлектері, жетістікке жеткен шәкірттері туралы қабырға тақтасы ілінген.

Жиналғандар музейді аралап, танысып шықты. Одан әрі іс-шара Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайындағы мерекелік концертпен жалғасты.

Концертте мектеп оқушыларының арнайы дайындаған қойылымы көпшіліктің көңілінен шықты. Түлектер, эстрада әншісі Мәдина Сәдуақасова мен күйші Ерболат Мұстафаев жылы лебіздерін білдіріп, ұстаздарға алғыс айтты. Ардагерлер мектеп ұжымымен кездесіп, тағылымы мол дүниелерін бөлісіп, еркін форматта ой өрбітті.

Іргетасы сонау 1964 жылы қаланған білім ошағы осы уақытта ұрпақ тәрбиесі жолында өзіндік ізін қалыптастырды.

– Ақпан айынан бері қала деңгейінде түрлі тақырыпты қамтыған іс-шаралар өткізілді. Мектеп білім берудің озық технологиясын меңгеріп, ілгерілеуде. 2013 жылдан бері акт зал, спорт зал, кітапхана секілді қосалқы кабинеттері бар қосымша корпус салынып, пайдалануға берілді. 2019 жылдан «Ақпараттық технология мектеп-лицейі» статусына ие болды. Материалдық-техникалық база 75 пайызға жаңарды. Мерейтой қарсаңында облыс әкімінің қолдауымен 300 орындық қосымша оқу корпусы мен 100 орынды асхана пайдалануға берілді. Осы мектептен түлеп ұшып, бүгінде абыройлы қызмет атқарып жүрген ел азаматтары демеушілік жасап, игі істер атқарды. Мәселен, «Асар» ЖШС директоры Қанағат Сақтағановтың демеушілігімен мектептің ескі шатыры толықтай жаңартылды. Мектеп түлегі, профессор Қылышбай Бисеновтің қолдауымен математика кабинеті жабдықталды. Ал «Интегрострой» ЖШС директоры Бақдәулет Ысқақовтың демеушілігімен мектептің сырты күрделі жөндеуден өтіп, ауласы абаттандырылды, – деді директор Алмат Рахметов.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<