Білім ошағының іргетасы қаланды

444

0

Шежірелі аймақтың 85 жылдығы мен Жаңақорған ауданының 95 жылдығы қатар келіп, қос мереке кең көлемде аталуда. Бүгін Жаңақорған ауданының орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 600 орындық мектептің құрылысы басталды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін қос мерекемен құттықтады.

«Қазір аймақта басымдық берілген саланың бірі – білім. Оған бағытталған қаржы көлемі 245 млрд теңгеге жетті. Көптеген ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Алдағы үш жылда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде құны 100 млрд теңге болатын 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Бүгінде 10 мектептің құрылысы басталды. Ал, қалған 11-інің құрылысы жыл соңында және алдағы жылдың басында басталады. Соның бірінің іргетасын бүгін өздеріңізбен бірге қалаймыз. Білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай», – деді аймақ басшысы.

Құрылыс алаңында білім саласының ардагері Серік Мұсабай бата берді.

Бас мердігер «Аман-Құрылыс» ЖШС директоры Әділхан Маштаев Құрмет грамотасымен, мекеменің 3 қызметкері алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік, бүгінде «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7,9 млрд теңге болатын физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана «Оқушылар үйі» болса, биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 4,8 млрд. теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынады. Ауыл балалары үшін 900 орындық 4 мектеп осы жылы ел игілігіне табысталмақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<