Күні кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. «Өнер орталығында» өткен жиынға облыстық мәслихат төрағасы, облыс прокуроры, полиция департаментінің бастығы, құқық қорғау органдарының, департамент және басқармалардың басшылары, қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Аудан әкімдері мен активі бейнебайланыс режимі арқылы қосылды.
Еске салсақ, жас ұрпақ тәрбиесі талқыға салынған мұндай жиын биыл қатарынан екінші жыл өткізілуде. Облыс көлеміндегі, аудандар мен қаладағы тәрбиеге қатысты түйткілдер күнделікті бақылаудан, жауаптылар назарынан тыс қалған емес. Аймақ басшысы ұрпақ тәрбиесі әрдайым өзектілігін жоймайтынын атап өтіп, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.
– Мемлекет басшысы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деп, бұл саладағы жауапкершілікті одан әрі күшейткен болатын. Ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – жұмыстың негізгі бағыты. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тыя алмасақ, соңы небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Орын алған ауыр жағдайлар осыған дәлел.
Бүгінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артқан. Жыл басында Сырдария ауданының Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласының Белкөл кентінде, кеше Шиелі ауданының Қодаманов ауылында болған бала өлімі ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Балалардың құқықбұзушылығынан бөлек, педагогтер арасынан да қылмыстық әрекетке барғандар шықты. Бұл – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі аталған деректер бойынша шұғыл шешім қабылдап, тиісті шара қолдануды талап етті. Атап айтқанда, Шиелі ауданы әкіміне қатаң сөгіс жарияланса, аудандық білім бөлімінің басшысын, мектеп директорын, учаскелік инспекторды қызметінен босату туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ Сырдария ауданының әкімі де қатаң сөгіс алды. Ал облыс әкімі аппаратына қылмыстың алдын алу үшін барлық ауылға мониторинг жүргізуді жүктеді.
Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, өңірде балалар жасаған аса ауыр қылмыстар, топтық төбелестер белең алып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, балалардың суицид жасауы секілді қайғылы оқиғалар алаңдататынына тоқталды.
Білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаевтың баяндамасы тыңдалды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы баяндады.
Өз кезегінде аймақ басшысы құқық қорғау органдарының жұмысын да сынға алды.
– Өткен жылмен салыстырғанда зорлық-зомбылық қылмыстары 5-тен 7-ге көбейген. Нәпсіқұмарлық сипатындағы 2 күш қолдану жағдайы тіркелген. Мемлекет тарапынан полиция органдарына үлкен қолдау жасалуда. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен де миллиардтаған қаржы бөлінуде. Дегенмен, қылмыс саны азаяр емес, – деді облыс әкімі.
Мұндай қылмыстар әсіресе Қызылорда қаласында азаймай тұр. Облыс бойынша жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда облыс орталығында 37,5 пайызға артқан. Қылмыстың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы Қызылорда қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ердәулет Баянбайұлы баяндады. Облыстық полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов аймақта кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және тәрбие бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Облыс әкімі жиынға қатысушыларды білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.
– Әріптестер, білім беру саласына қойылатын негізгі 2 ғана талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі – саналы тәрбие беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақ пен жастарға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек.
Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі 171 мәдениет үйі жанынан жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін, түрлі бағыттағы үйірмелері бар «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Осыған қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар толастар емес. Соңғы уақытта оқушылардың электронды темекіге әуестенуі, өз-өзіне қол жұмсауы, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жиі көрініс беруде.
Отбасында бүлдіршіндер мен жеткіншектердің интернетке тәуелділігі белең алып, спорт пен шығармашылықты дамытуға бағытталатын алтын уақыт зая кетуде. Бұл барша ата-ананың басты уайымына айналды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың рөлін ерекше атап өтіп, облыстық білім басқармасына мектептер мен колледждерде «Аналар академиясының», «Әкелер кеңесінің», ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды тапсырды. Мұнан бөлек, басқармаға құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алудың іс-шаралар жоспары аясында күшейтілген жұмыс жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды бейімдеу үшін үйірмелерге тарту, жазғы демалыспен қамту қажет.
Мұнан бөлек, мәжілісте балалар қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Жуырда Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылынан Түркістан қаласына саяхаттауға шыққан, оқушылар мінген микроавтобустан өрт шыққаны белгілі. Аймақ басшысы сақтық шараларының маңыздылығын назарға салып, жазғы демалыс кезінде жол қауіпсіздігін жіті қадағалауды міндеттеді.
Жиында облыс әкімі жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтсақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, денешынықтыру, спорт және туризм басқармалары білім басқармасымен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын кешенді түрде үйлестіруге жауапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыруда, балалар мен жасөспірім қыздардың денсаулығын нығайтуда «Жастар денсаулығы» орталығының жұмысын күшейту керек. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, әлеуметтік карта әзірлеуі тиіс. Полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қоюы қажет. Қала, аудан әкімдеріне облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қалалық, аудандық ардагерлер, қоғамдық, әйелдер кеңестерін жұмылдыру арқылы тәрбие жұмыстарын жандандыру жүктелді. Ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім басқармаларына қала, аудан әкімдері және полиция департаментімен бірлесіп, вейп пайдалануға толық тыйым салу және сатылымын болдырмау шараларын қабылдау тапсырылды.
Жиын соңында аймақ басшысы барлық жауапты мекемелерге балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауды, ортақ іске барынша атсалысуды тағы да ескертті.
Кеңейтілген мәжілісте қозғалған мәселелер туралы газетіміздің келесі санында кеңінен тоқталатын боламыз.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<