Білім саласына бетбұрыс жандана береді

933

0

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсенбаев облыс тұрғындарымен кездесіп, білім саласындағы бүгінгі өзгерістер және алда тұрған міндеттер жайында  баяндама жасады. Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан салаға қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді назарға алды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Вице-министр білім саласы бойынша жүзеге асырылған ең басты нәтижелі іс «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заңның қабылдануы екенін атап өтіп, аталған заң аясында сала мамандарын әлеуметтік қолдау мүмкіндігі арта түскенін нақты деректермен саралап берді.

– Жалпы бүгінгі заман өзгеріске толы. Сол сияқты, бүгінгі білім саласындағы жұмыстар да үнемі жаңғыртуды, жаңаруды қажет етеді. Салада адами капиталды, яғни, тұлғаны қалыптастыру бағытында заман көшінен қалмайтын жаңалықтардың енгізілуі заңдылық. Бүгінде елімізде 6 млн-нан астам баланың білім мен тәрбие алуына, тұлға болып қалыптасуына бағытталған жұмыстар жасалуда.

Бірінші   «Педагог  мәртебесі» заңы бойынша өзгерістерге тоқталсақ, үш жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысы 3 есе өскендігін атап өтуге болады.  2020 жылдан бастап мектептен кейінгі педагогтерге біліктілік санаттары үшін 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі қосымша ақы төленуде. Сонымен қатар, колледж басшылары мен олардың орынбасарларының басқарушылық шеберлігі үшін де лауазымдық жалақысын 100 пайыз көтермелеу мәселесі де қолға алынған.

Педагогтердің жетістіктеріне қатысты еңбекақысын көтеру жайы да бөлек қарастырылуда. Өздеріңіз білесіздер, бұл – «Үздік педагог» байқауы арқылы мұғалімдер еңбегінің бағалануы. Атап айтқанда, үздік педагог атанған ұстазға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай жүлде табысталады.  Сонымен бірге, педагогтер үшін өтеусіз негізде 3 жылда бір рет біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру енгізіліп жатқаны белгілі. Мысалы, бұған дейін мұғалімдер 5 жылда бір рет біліктілігін арттыру курстарынан өтетін болса, алдағы уақытта бұл жұмыстар 3 жыл сайын ұйымдастырылады. Оның себебі, бүгінде заманның өзгерісі өте қарқынды, сондықтан мұғалім де уақыт ағымынан қалыс қалмай, кәсіби біліктілігін дамытып отыруы қажет, – дейді вице-министр.

Баяндамада айтылғандай, Президент тапсырмасына сай педагогтердің біліктілігін арттыру курстары ақысыз, яғни, тегін өтетін болады. Бұдан бөлек, 30 жыл үздіксіз жұмыс істеген педагогтерді аттестаттаудан босату мәселесі, сондай-ақ, жалпы 25 жылдан артық адал еңбек етіп жүрген ұстаздарды марапаттау, тағы басқа көптеген әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылады. Осы орайда мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласы бойынша педагогтер мен тәрбиешілердің жұмыс жүктемесін азайту жөнінде де нақты шаралар қабылданып жатыр. Ал «Жайлы мектеп» жобасымен 2023-2025 жылдары 401 заманауи мектеп салу жоспарланған.

Жиын соңында вице-министр облыста атқарылып жатқан оңтайлы жұмыстардың да назарда екенін атап өтіп, одан әрі табысты іске асырылуына тілектестігін білдірді.

Кездесуде бірқатар мектеп басшылары, білім саласында еңбек етіп жүрген мамандар, ата-аналар комитеті, жас мамандар, сонымен қатар, жеке мектептер, бала тәрбиесіне қатысы бар үкіметтік емес ұйым жетекшілері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауабын алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<