Білім саласының бюджеті артып келеді

463

0

Облыстың білім саласының бюджеті жылдан-жылға артып келеді. Биыл салаға 278 млрд теңге бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 19 %-ға артқан. Жалпы 325 мектепте 180 520 оқушы білім алса, биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 17 543 бала қабылданған. Оларға 23 621  педагог дәріс береді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саланың 10 айдағы жұмысын қорытындылаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов алдағы жоспарымен де бөлісті.

– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жоспарлануда. 8258 тәрбиеленушінің тегін тамағына қажетті  1,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Балабақшаларға жолдамаларды есепке алудың, ата-аналарға  4 балабақшаға дейін таңдау құқығын бере отырып кезекке тұру мен оны берудің республикалық бірыңғай цифрлық базасы жасақталуда. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 6 160 балабақша тәрбиешісінің жалақысы 30 % – ға көбейді. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Президент тапсырмасы аясында соңғы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға артты.

Жаңа оқу жылының басында облыс орталығындағы үш ауысымды оқыту қаупі бар 6 мектептің 4-іне 1850 орынға арналған жаңа қосымша ғимараттар салынды. Осы арқылы бюджет қаржысы үнемделді.

Қызылорда қаласы, «Бәйтерек» шағын ауданынан пайдалануға берілген 600 орындық жаңа мектеп 2 білім ошағының жүктемесін төмендетуге мүмкіндік берді. Өткен аптада Шиелі ауданы Байсын ауылында 250 орындық мектеп ғимараты ел игілігіне табысталды. Жыл соңына дейін Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық және Жаңақорған кентіндегі  300 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен 8 мектептің құрылысын салуға тиісті ұсыныстар берілді, – деді А. Есжанов.

 Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Оның 4-і Арал ауданында, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында  2 жайлы мектептен, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында 1 мектептен, Қызылорда қаласында  8 жайлы мектеп бой көтереді. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, оның 5-уі облыс орталығында  салынуда. Нәтижесінде өңірде 2025 жылы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілмек.

 Аймақта 7 835 ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Олардың 2 863- і 6 жасқа дейінгі, 4 972- і мектеп жасында. Облыста 22 арнайы түзету мекемесі бар. Инклюзивті дамытудың Жол картасы аясында мемлекеттік балабақшалар логопунктпен жабдықталып, арнайы мамандар бөлінді.

 Мектептердің 170-інде инклюзивтік қолдау кабинеттері, 8 мектепте инклюзивтік ресурстық орталықтар ашылды, 417 арнайы маман қызмет көрсетеді. Биыл Қызылорда қаласындағы №120 орта мектеп базасынан 1 педагогикалық-медициналық- психологиялық консультация жұмысын бастады. Қазіргі уақытта арнаулы педагогикалық-психологиялық қолдауды қажет ететін 1000-нан аса бала кезекте тұр. Бұл мәселені жергілікті бюджеттен арнайы жеке ұйымдарға мемлекетттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы шешу жоспарлануда. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезекте тұрған 300 бала қамтылады.

Облыста 28 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 20 213 студент 94 мамандық 158 біліктілік бойынша білім алуда. 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, пилоттық жоба ретінде Қазалы және Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжі базаларында жалпы орта мектептердің 10-11 сыныптарындағы 46 оқушы үшін жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді. енді мектеп бітірушілер аттестатпен бірге диплом алып шығатын болады. Бұл жоба біріншіден білім алушылардың мамандық иесі атанып, еңбек нарығына ерте араласуына мүмкіндік берсе, екіншіден қоғамда жұмысшы құзыреттілігінің беделін көтеріп, жастардың қызығушылығын арттырады. Бүгінгі таңда колледждерде кәсіпорындардың сұранысы бойынша мақсатты даярлау енгізілуде. Кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша колледждерге 2022 жылы 119, 2023 жылы  251 талапкер әңгімелесу арқылы оқуға қабылданды. Жалпы бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және кадрлар даярлаудың сапасын арттыруға бағытталып отыр.

Алдағы жоспарлар – еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктердің атласын әзірлеу. Онда жақын 5 жылдықтағы өңірдің экономикалық-өндірістік дамуына талдау жасалып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа мамандықтарға оқыту жүзеге асырылады.

Брифинг соңында  басқарма басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<