Білім – сарқылмайтын байлық

1379

0

Қазақтың маңдайалды жазушысы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін  білім», – деген екен. Бұрынғылар: «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», – деп білімнің алмайтын қамалы жоқ екенін меңзеп кеткен. Өзге адаммен, қайсы бір елдермен терезеңіз теңесу үшін де санада білім сайрап тұру керек. Адам баласын күллі жаратылыстан екшелеп, даралап тұратын дүние – ақыл нығметі мен бойына сіңірген күллі білім-парасаты.

Дініміздің әмірі бойынша әрбір ақыл иесі болған мұсылман баласына рухани һәм дүниелік ілімдерді меңгеруі парыз амал. Құранның алғашқы «Оқы!» әмірімен түскен аяттың жалғасында: «Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», – деп келеді. Бұрынғы өткен ізгілер: «Құран Кәрімнің «Оқы!» деген алғашқы бұйрығының алғашқы сұрағы да: «Оқыдың ба?» – деп сұралады», – деген екен. Хадисте: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз», – делінеді. Ғұламаларымыз барлық білімді алу парыз емес, дініңе, дүниеңе пайдалы білімді алу парыз деп тұжырымдама жасаған. Біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы. Ғылым күнде дамып жатқан бұл дәуірде сәт сайын біліммен байланыс құрып отыруға, ізденіс үстінде жүруге тура келеді. Өйткені адамдардың білім алу деңгейі мүлде жаңа деңгейлерге көтерілді. Бір білімді емес, бірнеше ғылымды меңгеруге, оны қажетінше қолдануға болады. Олай болса, пайдалы білім иесі болудың бірнеше қағидаттарына тоқталғанды жөн көрдім.

АЛДЫМЕН НИЕТІҢДІ ТҮЗЕ!

Иә кез келген істі жасамас бұрын әр адамның ішінде мақсаты мен таудай талабы және кіршіксіз ниеті тұрады. Адамның өз қалауымен жасаған күллі жақсы, не жаман істерінің түкпірінде өзінің ниеті көрініс береді. Бабаларымыз да: «Жақсы ниет – жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды» деп айтып кете берген.

Данышпандардың бірі айтқан екен: «Сырттай ұсақ көрінетін қаншама амал бар, бірақ ниет оны үлкейтеді. Көрінісі үлкен болған қанша амал бар, оны ниеті кішірейтеді». Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында амалдар ниетке байланысты. Расында әрбір адам ниетіне жетеді», – деп айтқан. Білімге басылған қадамнан бұрын ниеттің дұрыстығы аса маңызды. Ең алдымен білімсіз болып қалудан, күллі надандықтан арылу үшін ең алдымен дұрыс ниетке бел байлай білу қажет. Жақсы ілімдерді үйреніп, туған жерге адал қызмет жасап пайда тигізейін, еліме игілікті із қалдырайын деген мақсаттар жақсы ниетпен ұштасқаны дұрыс.   Хәкім Абай да:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп ғылым жолына балалықты қиып, ілімді сүйіп, ниет етсе ғана ғалым болуға жол ашылатындығын меңзейді. Адам не нәрсеге ниет етсе, соған ертелі-кеш табандап жетеді. Сол үшін ілім жолына бет бұрған жан ең алдымен ішкі ниетін дұрыстауы керек. Сонда сыртқы амалы нәтиже көрсетіп, іштегі ниеті алға қойған мақсаттарына жеткізетін болады.

БІЛІМНЕН БҰРЫН ӘДЕП ҮЙРЕН!

Ыбырай Алтынсариннің ғибратты әңгімелерінің бірінде мынадай мысал бар. Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді.

Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі.

Қасындағы бай:

– Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? – деп сұрайды.

Сонда ғалым тұрып:

– Ешбір ғылым-білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па? – деген екен.

Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» – десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз. Білімнің берекесі тек әдеппен келеді. Хазіреті Омар (р.ғ.): «Әдеп – білімнен бұрын тұрады», – деп бекер айтпаса керек. Имам Мәликтің де мынадай айтқан сөзі бар: «Білімнен бұрын әдеп үйрену керек. Әдепсіздің білімінде қайыр болмайды».

Білім үйреніп, оның нәтижесіне қол жеткізу үшін ілімді мақсат еткен адамның әдебі алдымен тұру керек. «Білім алудың басты он әдебі бар. Білімді талап етушілер осы әдепке мойынсұнуы керек», – дейді Имам Ғазали «Ихия улумиддин» атты еңбегінде. Имам Ғазали сол еңбегінде: «Білімді мансап, дүние және атақ үшін алмау. Себебі адам баласының бұл дүниедегі сапарының негізгі мақсаттарын мансап, дүние және атақ құрамайды. Бұлар Алла Тағаланы тану жолында бірер көмекші құралдар ғана. Кімде-кім білімді Алла Тағаланы тану үшін үйренсе, білімінің жемісін бұл дүниеде де, ақыретте де көреді. Тек дүниелік үшін білім алса, білімі оны әдеп және амал тұрғысынан түрлі масқаралықтарға душар болуына себепкер етеді», – дейді.

Өзі ғұмыр кешкен дәуірде ғалымдардың сұлтаны атанған Абдулла ибн Мүбәрак: «Біз көп білімге қарағанда азғантай әдепке мұқтажырақпыз», – деп керемет сөз қалдырады. Білімнің қақпасы атанған хазіреті Әли (р.ғ.): «Жоғарылағандар тек әдеппен жоғарылаған. Төмендегендер де тек әдепті тәрк етумен төмендеген», – деп үлкен ой тастайды. Ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаздың бойындағы бүкіл жақсы қасиеттерін сіңіріп, әдептерін үйреніп, берген білімін алып, екеуін тең ұштастыра алса өзіне және айналасына пайдасын беріп, ізгіліктің сәулесін шашпақ.

БІЛІММЕН ЕЛГЕ ПАЙДА БЕР!

«Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп шырыл қаққан Әлихан Бөкейхан бабамыз қазаққа қызмет етудің, ел-жерге жанашыр болудың нақ үлгісін көрсетіп кеткен кешегі қайраткер тұлға. Біз бұдан не түсінеміз?! Бар жиған білімің, пайым-парасатың мына елге пайда беретіндей өнегелі іске жалғасуы керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағаладан пайдалы білім сұраңдар, пайда бермейтін білімнен Аллаға сиыныңдар», – деген екен. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Аллаһым! Бізге пайдалы білім бер және ілімімізді арттыр», «Иә, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (Өз құзырыңда) қабыл болатын амал сұраймын» деген дұғаның үлгілерін көрсеткен. Пайдалы білім иесінің ілімі артқан сайын да, оның ел-халқына берері де көбейеді, даналығы да артатын болады.

Біздің бабаларымыз бала шақтан білімге құштар болып, алған ілімін елмен бөлісіп, жас ұрпаққа пайда тигізе жүруді жөн көрген. Соның бірі Ыбырай Алтынсарин бабамыз. Ол кісі жастайынан мектепте сабақты ынта қойып оқыған. 1857 жылы оқуын «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы – қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді.

1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі – Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы, белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүниежүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады.

1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. (Дереккөзден қараңыз: https://kk.wikipedia.org)

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов те: «Адамшылық, кісіге пайда тигізу, ел қамын ойлау, өнер, білімге ұмтылу деген сияқты жақсы ой, таза ниет қазақта әлі жоқ. Бас пайдасы, құлқын, мақтан, атақтан басқа қасиетті жоғары мақсат аз», – деп заманында шырылдап кеткен еді.

Пайдасыз білім алып, бүлдіргі жасау дініміздің құп көрмейтін ісі. Пайдасыз білім – адамзаттың қас жауы. Бойға жиған білім пайдалы болса, дүниемен қатар, ақыретке де жақсылығы жетіп тұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жария садақа, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салихалы перзент». Кісі өзіне мақсат еткен пайдалы мамандық жолында терең де, пайдалы білім алуы қажет. Мен білемінге салынбай, оны үйрету, жеткізу, пайдасын бөлісу ізгі де сауапты амал. Шәкірт тәрбиелеу, халыққа аянбай қызмет ету, жақсылықтың ізін жалғауға себеп бола білу – пайдалы білімнің жемісі деуге болады. Қазір білім үйренемін деген адамға тетік көп, мүмкіншілік мол. Тіпті қолымыздағы ұялы телефон, оның ішіндегі қолжетімді программалар білімнің көкжиегін кеңейте түсуімізге себін тигізіп келеді. Өкінішке орай қолқалтаның ішіндегі түрлі әлеуметтік желілердің алып-қашпа әңгімелеріне, болмашы ғана роликтерге алданып, алтын уақыттарды текке жоғалтып жатқандаймыз. Білімнен бақыт тапқан текті халықтың бүгінгі бейнесі осылай майдаланып, нәпсіқұмар істерге алданып жүргені бұл қоғамды алаңдатады. Қазір сөз қуатын заман емес, ой қуатын уақыт екенін ескергеніміз жөн. Сөз қуып, өсек теріп, кісіден кемшілік іздеу – білімділік емес, адамдықтың қасиетін жетілдіру, рухани құндылықты байыту, ғаламдық білімде бақ сынау – нағыз ілімсүйерге тән сипат.

БІЛІМДІ АДАМ – БАЙ АДАМ

Сөзімді осы жерден қорытайын. «Адамның білімсіз өткерген бір күні – жәй өткен бос күні» деген тәмсіл бар. Ал ағылшын ұғымында мынадай сөз бар: «Білім – ақпарат, даналық». Адам білім алуды, білімін жетілдіруді өмірінің соңына дейін тоқтатпау керек. Олай етпегенде тұрып қалған су секілді зиян береді. Алла Тағала жер мен көктегі әрбір мақлұқатты жаратып қана қоймай, адам баласын ғибрат көзімен қарауға шақырады. Өйткені, ешнәрсе де босқа жаратылмаған. Жаратылыстың артық, не кемі жоқ. Мұнша жаратылыстың терең сырымен танысу керек. Ол үшін білім алып, ізденіп, ақыл жүгірту қажет болады. Сондықтан әрбір жаратылыстың сырына терең біліммен ой жүгірту әманда қажет. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ойлану секілді қадірлі ғибадат жоқ», – дейді. Енді бір хадис шәрифте: «Ойлану – ғибадаттың жартысы», – деп айтқан. Ақылды қолдану білімге жетелейді. Білім өзіңді, айнала құбылысты, әлемнің иесі Алланы тануға алып баратын бағасы жоқ құндылық. Ең бастысы – білім елдің игілігіне, халықтың қажетіне жарайтындай болса сол игі. Білімді адам – бай адам екенін ұмытпайық. Алла пайдалы біліммен бізді байытсын!

Болатбек қажы ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<