Бүгін ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында вице-министр қаламыздағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің педагогтарымен кездесті.
Шолпан Танатқызы білім ошағындағы жаңа технологиямен жабдықталған ОБСЕРВАТОРИЯ, КИНОСТУДИЯ, BIOMASTER, BIOFLOWERS, STEM лабораториясы мен «Ғылыми идеялар аллеясы» көрмесінің жұмысымен танысты. Вице-министр сондай-ақ мектептегі шахмат, тоғызқұмалақ, стол теннисі, баскетбол ойыны, бассейн және көркем-эстетика бағытындағы би үйірмелерін көріп, оқушылармен сұхбаттасты.
Мұнан соң Шолпан Каринова музыка, көркем еңбек мұғалімдерінің, көркем-эстетикалық бағыттағы қосымшабілім беру педагогтерінің съезі аясындағы секция отырысына қатысты. Аталған жиын мектеп-лицейдің қабырғасынан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында өткізілуде. 17 өңірден 350 педагог қатысып жатқан секция жұмысына Шолпан Танатқызы сәттілік тілеп, ұстаздар қауымына зор сенім артылып отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, съезд барысында өткізіліп жатқан секция отырысында педагогтар түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<