Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте өңірдегі білім беру ұйымдарының бүгінгі деңгейі, білім мен тәрбие жұмыстарының барысы, былтыр ҰБТ көрсеткіші бойынша қала, аудан, ауыл мектептерінің орташа білім сапасы, жасөспірімдер тәрбиесінде мұғалім және ата-ананың жауапкершілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыға салынды.
Оған құқық қорғау органдарының, аумақтық департамент және басқармалардың басшылары, қала және аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ардагерлер, әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері және облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Мәжілісті аймақ басшысы ашып, білім саласының дамуы мемлекет үшін маңызын, саналы ұрпақ тәрбиелей отырып, сапалы ұлт қалыптастыруға жалпы қоғам мүдделі екенін атап өтті.
– ХХІ ғасыр адамзат өркениетіндегі шұғыл өзгерістерге толы кезең болып отыр. Бұл кезең – білім мен біліктілік дәуірі. Білім – бүгінгі күннің басты басымдығы, бәсекеге қабілетті мемлекетіміздің бағдаршамы. Ал адами капитал – экономикалық өсіміміз бен технологиялық дамуымыздың негізгі драйвері. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші ұлттық құрылтайда «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің де ордасы, баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтар сіңіру – ұстаздардың міндеті деген еді.
Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген болатын. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсініп, сол себепті ұстаздарды ерекше қадірлеген. Бүгінгі күні педагогика – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды құндылық. Ұстаздарымыз осы талап үдесінен шығуы тиіс, – деді аймақ басшысы. Сөзінің барысында бұл мәжілісте білім саласының күрделі әрі ауқымды мәселелері қаралатынын айтты.
Облыс әкімі бүгінде мемлекет тарапынан білім саласын дамыту, ұстаздарды қолдау, шығармашыл әрі кәсіби білікті ұстаздар мен озық ойлы оқушыларды қаржылай көтермелеу шаралары қолға алынып, заманауи талаптарға сай білікті орта қалыптастыруға барынша мән беріліп отырғанын, сонымен қатар, бала өмірі мен қауіпсіздігі қашан да басты назарда екенін атап өтті.
Айталық, саланың биылғы бюджеті 291 млрд теңге, яғни екі жылда 67 пайызға артып, жалпы облыс бюджетінің 44,8 пайызын құрады. Аймақ басшысы жыл ішінде білім саласына бөлінетін қаржы көлемі әлі де ұлғаятынын айтты. Әлбетте, мұндай қолдаудың қайтарымы болуы міндетті. Ол – сапалы білім, саналы тәрбие. Президент тапсырмасында айтылғандай, қала мен ауыл мектептері арасында алшақтық болмауы керек. Мемлекет қолдауын барлық бала бірдей сезінуі тиіс.
Облыс әкімі мемлекет қолдауының көрінісі – «Педагог мәртебесі туралы» арнайы Заң қабылданғанын, соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өскенін, 2020 жылы сала қызметкерлерінің табысы орта есеппен 215 мың теңге, ал 2024 жылы 430 мың теңгеге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ 2023 жылғы қыркүйек айынан бастап балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейгені де білім саласына жасалған ерекше қамқорлық екеніне тоқталды.
– Былтыр қазан айында өткен педагогтердің алғашқы съезінде Президент жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететінін, ал мектептің жақсы болмағы ұстазға байланысты бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде балаларымыздың заманға сай озық білім алуына, мектептегі орын тапшылығын жоюға, оқушыларға өнегелі тәрбие беру керегіне баса назар аударуды міндеттейді. Жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілеттілігі білім мен тәрбиенің деңгейімен өлшенеді. Адамзат өркениетіндегі шұғыл өзгерістерге толы білім мен біліктің дәуірінде санасы сергек, ойы озық ұрпақ қалыптастыру – басты борышымыз, – деді облыс әкімі.
Кеңейтілген мәжілісте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндама жасады. Онда өңірдегі білім мен тәрбие берудегі басты көрсеткіштер сараланып, сонымен бірге сала жұмысына көлеңке түсіретін кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Оның ішінде педагог кадрлардың біліктілігі, қаладағы, аудандардағы кейбір білім ошақтарында жылдар бойы оқытушылардың кәсіби біліктілігі көтерілмегені, сондай-ақ оқушының да жүйедегі білім байқауларынан бірде-бір жүлде алмағаны сыналады. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың өткен жылмен салыстырғанда өскені тәрбие жұмыстарының әлі де болса кемшін екенінің көрінісі болса керек.
– Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы. Сапалы біліммен қатар өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды. Бұл бағытта табысқа жету үшін жоспар қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделу қажеттігін жете түсінуіміз керек. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие саласында жүргізілген зерделеу бұл салаға кейінгі жылдары жеткілікті мән берілмегенін көрсетіп отыр. Білім мекемелеріндегі тәрбие жоспарлары бұдан 5-10 жыл бұрын қабылданып, бүгінгі күні мәнін жоғалтқан. Күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алып жасалған күйі қолданылып келген. Осы ретте, аймақ басшысының қолдауымен «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» ашылды. Қазіргі таңда орталық қызметкерлері облыс көлеміндегі барлық мектеп пен колледждерде әдістемелік көмектер, семинарлар мен жиындар өткізуде. Біз мұнымен тоқталмаймыз. Алдағы уақытта оқушымен қатар педагогтер, жас мамандардың тәжірибесін арттыру мақсатында тәрбиелік мәндегі жылдық іс-шара жоспарларын жасақтап, сол негізде жұмыс жасайтын боламыз, – деді басқарма басшысы.
Мәжіліс барысында ҰБТ тапсыруға дайындық, оқушыларды сапалы білім, толыққанды демалыспен қамтамасыз ету, жаңа мектеп, шығармашылық орталықтарын салуда жүйелі әрі нақты іске ден қойып, кадрлық мәселелерге қатысты жан-жақты зерделеп, шешім қабылдауға тапсырмалар берілді.
Балалардың заманға сай озық білім алуы, мектептегі орын тапшылығын, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын жою, білім ошақтарын қауіпсіз орынға айналдыру, оқушыларға жан-жақты тәрбие беру арқылы бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасап, шығармашылық қабілетін дамыту, саламатты өмір салтына бейімдеу сияқты мәселелер тұрақты назарда болуы қажеттігі айтылды.
Сөзінің барысында облыс әкімі шалғай аудандағы бір мектепте бар-жоғы 4 оқушы ҰБТ-ға қатысып, орташа деңгейге жетпегенін сынға алды. Бүкіл білім ошағы сол төрт оқушыға лайықты білім бере алмағаны, салаға жасалып отырған қаншама қолдаудың қайтарымы болмағаны деп баға берді. Сонымен қатар, кейбір білім беру ұйымдарында мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысында заң бұзушылықтарға жол берілгенін атап өтті. Сол сияқты бірнеше мектепке оқушылар тасымалы үшін арнайы көлік берілгенін, алайда көлік жүргізушілері тарапынан жол ережесін бұзу деректері кездесіп отырғанын, бұл мәселелерге байланысты басқарма басшысы құзырымен тиісті шешімдер қабылдануы қажеттігін айтты.
Облыс әкімі ҰБТ тапсыру кезінде оқушылардың жол қауіпсіздігін сақтау басты мәселенің бірі екенін атап өтті. Осыған сәйкес орынбасары М.Шермағанбетке, басқарма басшысы А.Есжановқа Арал ауданынан тестілеу пунктін ашуға байланысты жұмыстарды жеделдетіп шешуге тапсырма берді.
Келесі кезекте балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған іс-шаралар туралы облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов баяндаса, облыстағы жалпы орта білім беру ұйымдарындағы заңдылықтардың сақталуы және құқық бұзушылықтың профилактикасы бойынша облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев хабарлама жасады.
Полиция департаменті басшысының айтуынша, облыста жасөспірімдер қатысуымен жасалған қылмыстар артқан. Талдау барысында олардың ата-ана бақылауынан тыс қалғаны, бос уақытының қадағаланбауы, сонымен қатар, отбасындағы қолайсыз жағдайлар әсер еткені анықталған. Өткен жылы 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, оның ішінде 24-і орта мектеп оқушысы, 52-сі колледж студенті, 8-і жұмыссыз. Орын алған қылмыстардың 38-і – ауыр, 18-і – орта, 10-ы – жеңіл қылмыс. Департамент басшысының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Дегенмен, бұл жұмыстарды әлі де күшейту қажет. Бұл орайда ата-ана жауапкершілігін арттыру мәселесіне басымдық берілмек.
Облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаевтың айтуынша, мектептерде санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, информатика кабинеттерінен заңсыз агенттерге кедергісіз кіру, жұмысқа конкурссыз қабылдау, оқушыларды тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету барысында заңсыздықтарға жол берілгені анықталған. Бүгінде уәкілетті органдарға қадағалау актісі енгізіліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Облыс әкімі жоғарыда аталған келеңсіздіктер бойынша басқарма басшысы тарапынан жауапты тұлғалардың қызметтік мәселесіне қатысты шешім қабылдау қажеттігін айтты.
«Әкелер одағы» облыстық филиалының төрағасы, Ержан Іскендірұлының пікірінше, әрбір ата-ана үкілі үміті – балаларының жауапкершілігін мектеп пен құқық қорғау органдарына ысырып қойып, басты міндеттен жалтара алмайды. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мәтелдегідей, бейтараптық таныту үлкен өкінішке әкелетінін, сондықтан бала тәрбиесіне барынша сергек қарау қажеттігін айтты.
«Үздік педагог-2023» республикалық байқауының жеңімпазы Әсел Шаймағанбетова: «Педагог имиджіне сай қоғамға ықпал етуші негізгі фактор – біз! «Ұлағатты ұстаз ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұлт мұраты жолындағы бағытымыздан таймай, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған дәуірде ұрпаққа берер рухани құндылықтарымыз бен ұлттық тәрбиемізді өзегінен ажыратып алмауға тиіспіз.
Білім шырақшысы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген ұлы сөзінің үдесінен шығып, баршамыз ұлт, ата-ана, ұрпақ алдындағы аманатымызға адал болуға бет түзейік!» деп барша ұстаздар қауымына үндеу тастады.
Мәжіліске қатысқан облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов ойын ортаға салды.
– Бүгінгідей жиынды бұдан бір жыл бұрын ақпан айында өткізген болатынбыз. Барлық сала өкілдерін қатыстыра отырып, кең көлемде талқылау тек білім саласында өткізіліп келеді. Бұл – білім саласының қоғам үшін, мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бірақ «осы жиындардан қаншалықты нәтиже шығарып жатырмыз, алда не істеуіміз қажет?» деген мәселе біз үшін шынында өзекті.
Өткен жиында отбасы, қоғам туралы сөз болса, бүгінгі жиында білім мекемелеріне тікелей қатысты қызметкерлер жөнінде ой бөліскім келеді.
Ұстаз, мұғалім ретінде өзіміз жайлы керемет теңеулерді жиі естиміз, оқимыз. Оны мақтаныш тұтамыз. Заң арқылы мәртебеміз де көтерілуде, айлық та көбеюде. Қоғам пікірінде біз туралы оң өзгеріске бет бұрғандай жағдай. Ал өзіміз өзгердік пе? Әлемдік алпауыттарға жұтылмас үшін руханият, мәдениет, білім бойынша алда болуға тиіспіз. Қазіргі қоғамда мұғалім мамандығын жан қалауымен таңдағандар және бұл салаға кездейсоқ келгендер де бар екенін жасыруға болмас. Біле білсек, мұғалімдікті алып жүру, бұл – күрделі жауапкершілік, – деді Н.Байқадамов.
Жиын қорытындысымен, Нұрлыбек Машбекұлы: «Әрбір баланың тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуында мектептің жауапкершілігі жоғары! Ал ел ертеңі – жастарымыздың білімді және тәрбиелі болуы ұстаздарымыздың қолында. Шын мәнінде, бала қуанышы бәрінен қымбат. Әлем баламен әдемі. Баршамыздың баянды бақытымыз да, тиянақты тіршілігіміз де жас жеткіншектеріміздің жарқын өміріне бағытталуы тиіс» дей келе, аймақтағы барлық департаменттер мен салалық басқармаларға білім саласында, әсіресе бала тәрбиесі, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мәселесінде бірлесіп, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<