Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаеваның қатысуымен брифинг өтіп, онда аймақ тұрғындарының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жайлы айтылды.
– Біздің алдымызға қойылған негізгі міндеттің бірі – тұрғындардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл орайда біздің өңір аса қауіпті оба, тырысқақ, сібір жарасы, құтырма, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруларының табиғи ошағында орналасқан. Осы аурулардың алдын алуда жүйелі жұмыстар атқарылады. Жыл сайын КҚГҚ-дан 1 -ден 8 жағдайға дейін аурушаңдық тіркеледі. Биыл 14 жағдай күдікті ретінде тіркеліп, 4-і нақтыланды. Нақтыланған төртеудің біреуі өліммен аяқталды, – деді Ұ.Аханаева.
Эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Конго-Қырым қызбасының алдын алу мақсатында көктемгі-күзгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстарына облыстық бюджеттен биылға 202059 мың теңге бөлініп, 35416 қора-жайға, 523679 мал басына дәрілеу жұмыстары жүргізілген. Республикалық эпидқордан 73 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 127 қолайсыз елді мекен аумағына санитарлық қорғаныс белдеуі жасалған. Ағымдағы жылдың 10 айында 4717 кене сынамасы зерттеуге алынып, оның 149-нан оң нәтиже анықталған. Есепті мерзімде кене шаққан 1102 адам медициналық көмекке жүгініп, медбақылауға алынған.
Ал, облыста сібір жарасының белсенді ошағы тіркелмеген. Аталған ауру түрі соңғы рет 2008 жылы Шиелі ауданында орын алыпты.
Құтырма ауруының алдын алуда да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облыс көлемінде иесіз ит- мысықтарды аулауға әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, арнайы бригадалар жасақталып отырады. Құтырма ауруы соңғы рет 2014 жылы Арал, Сырдария аудандарында тіркелген. Тырысқақ ауруының алдын алуға да жыл сайын көңіл бөлінуде. Бұл орайда су сынамалары мен жедел ішек ауруымен ауырған науқастар көрсеткіштеріне байланысты тексеріледі.
Ал обаның алдын алуда биыл энзоотиялық аумақтағы 46359 тұрғын егіліп, егу жоспары 98,8 процентке орындалған.
Айнұр БАТТАЛОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<