Облыс орталығындағы №1 дәріханаға жаңа препараттардың мол қоры келіп түсті. Дәрі-дәрмек келеді деп естігендер мұнда ерте жиналған. Солардың бірі – қала тұрғыны Райхан Махатова.
– Қазір іздеген дәрі-дәрмегімді таба алмай тұрмын. Қарапайым парацетамолл, ацц, С витамині жоқ. Осы жердің өзінде бірнеше дәріханаға бардым. Бірақ бәрі де жоқ деп шығарып салды. Тіпті, орынына қолданылатын дәрілерді де таба алмадым,– дейді зейнеткер.
Ал Серікбай Мақсұтовтың анасының ауырып жатқанына бірнеше күн болыпты. Дәрігерлер жазып берген дәрілерді іздеп, табанынан таусылған. Бірақ бірнеше дәріханаларды аралаған ол керекті дәрілерін таба алмаған.
– Анам ауырып жатыр. Жедел жәрдем шақырттық. Дәрі-дәрмекті тізіп жазып берді. Дәрілерді іздеп бармаған дәріхана қалмады. Орталықтағы үш дәріханаға да бардым. Енді осы бірінші аптекаға жаңадан дәрілер келеді деген соң кезек алып күтіп тұрмын, – дейді ол.
Дәріхана меңгерушісі Раушан Жүсіпбекованың айтуынша қажетті дәрі-дәрмектер күн сайын келіп жатыр. Бірақ халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай жатқандарын жеткізді. Себебі, бұрын бір айда сатылатын дәрі бір күннің ішінде өтіп кетуде.
– Бізде грипго, тайлолл, террафлю – бәрі бар. Ыстық түсіретін парацетамол дәрісінің орнын ауыстыратын препараттардың түрі көп. Халық тарапынан ыстықты түсіретін және вирусқа қарсы антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс артуда. Әсіресе, цефазолин, цефтриаксон секілді тек дәрігердің рецептісімен берілетін дәрілер. Олар мүмкіндігінше түсіп жатыр. Қазір цефтриаксон жоқ болғанымен оның орнына қолданылатын дәрі бар. Сонымен қатар дәрігердің жазып бергені болмаған жағдайда дәріхана маманы емделушіге дәрілердің аналогтарын ұсынады. Қазіргі таңда дәрілік заттың атауына бөлшек және көтерме сауда үшін шекті баға бекітілді. Бұл баға шегі анықталды, одан әрі жоғары бағада сатылмайды дегенді білдіреді. Осы ретте дәрілік заттардың шекті бағасын Dari.kz мобильді қосымшасы арқылы біліп, көрсетілген межеден асырмай сатып жатырмыз, – деді ол.
Сонымен дәріханаға халыққа қажетті мукалтин, аспирин, цеф3 және жөтелге қарсы шәрбәттің бірнеше түрі келді. Фармацевтер бұл препараттарды шектеп сататынын айтты, яғни, тұтынушыларға көп мөлшерде берілмейді. Бұдан бөлек, дәрілердің қатарында ацц, грипго, либексин, мегасеф, римантадин-сти, ринза, ровамицин, сумамед форте, флуконазол, флунол бар. Жаңадан келген дәрілер бағасы бекітіліп, сөреге қойылғаннан кейін халыққа сатылатын болады.
Сондай-ақ, тағы да қаладағы бірнеше дәріханаға дәрі-дәрмектің мол қоры келді. Солардың бірі – «Europharmа». Дәріхана меңгерушісі Ольга Александровнаның айтуынша, қалада «Europharmа» дәріханасының 9 нүктесі жұмыс жасайды екен.
– Соңғы екі апта көлемінде дәріханаға келушілердің саны 2-3 есеге артты. Үздіксіз, 24 сағат жұмыс жасап жатырмыз. Келушілерге 2 касса қызмет көрсетуде. Тұрғындар көпшілігі ыстық түсіретін, витаминдер, жөтел мен вирусқа қарсы дәрі-дәрмек сұрайды. Бізге аптасына үш рет Шымкент қаласының қоймасынан қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп отыр, – дейді дәріхана меңгерушісі.
Бүгінде өңірде фармацевтикалық қызметпен 328 дәріхана және дәріханалық пункт айналысады. Оның 178-і қалада орналасқан.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<