Жалағаш ауданының арғы-бергі тарихын түгендеп, таспаға түсіріп келе жатқан аудандық басылымның жарыққа шыққанына биыл 90 жыл толып отыр. Сонау 1934 жылы «Колхозшы» деген үнпарақтан бастау алып, одан кейін «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария», бүгінде «Жалағаш жаршысы» атауымен тұрақты шығып келе жатқан қоғамдық-саяси басылым әр кезеңнің талабына сай шығармашылықпен еңбек етіп, қалың бұқараның қалтқысыз құрметіне бөлене білді.
«Жалағаш жаршысы» газетінің 90 жылдық тарихында алғашқы редактор С.Жарылқасынов және одан бері қарай басшылық еткен Ж.Дүйсенов, С.Ақжігітов, М.Нұржанов, С.Қожаниязов, Ж.Алтыбаев, Ә.Ахетов, Ш.Оңғалбаев, С.Жүсіпов, М.Исаев, А.Қойшыбаев, Ә.Аманов, Қ.Әбдешев, З.Салықбаев, А.Кіребаев, М.Ілиясов, Т.Тәшен, К.Сүлейменов, М.Аяпов сынды тау тұлғалы азаматтардың орны әркез оқшау тұрады. Осы орайда облыстық «Сыр бойы» газетінің саңлақ қаламгерлері, мықты журналист М.Исаев 1955-1957 жылдары аудандық «Күрішшілер» газетіне редактор болса, белгілі ақындар А.Сәдібеков, Ә.Рахымбекұлы жас шағында «Жаңадария» газетінде еңбек етіп, қолтаңбасын қалдырғанын да айтып өткеніміз жөн.
Жоғарыда есімі аталған қалам иелерінің ішінен шыққан талантты ақындар, танымал журналистер өмірден өткенше қоғамға адал қызмет етті. Әрқайсысы әдебиет, өнер сынды шығармашылық саласында өз қолтаңбасын қалдырып, оқырмандарының риясыз ықыласына кенелді. Осындай айтулы қаламгерлер қатарында Т.Сарыбаев, С.Баймаханов, Қ.Нұрғалиев, Б.Уызбаев, А.Бекарыстанов, І.Мұстафаев, Ж.Сарбалаев, А.Тілеулиев, Б.Шайланов, Ж.Әбжамилов, фототілші Т.Ахметов сынды қарымды қаламгерлердің есімі аудандық басылым тарихымен бірге жасасып келеді. Сонымен қатар, өмірге деген сергек көзқарасы, салмақты үні бар, бүгінде қоғамның белді өкіліне айналған қалам иелері А.Сәдібеков, Е.Айғалиұлы, Қ.Достан, Б.Бүркітбайұлы, Е.Әбіл, М.Байназар, Б.Алпысбаева, Е.Әбдіхалықова, одан беріде Б.Ысқақова, Д.Мәлікова сынды шығармашылық өкілдерінің аудандық басылымда қызмет еткенін зор мақтанышпен айта аламыз.
«Жалағаш жаршысында» ұзақ жыл қызмет етіп, екімыңыншы жылдардың басында басшылық еткен ардагер журналист С.Бертаев, 2018-2020 жылдары редакторлық еткен, қазір «Қызылорда ньюс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Ә.Батырбеков, редактордың орынбасары болған, қазіргі «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Г.Қожахметова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қ.Ахетовтің аудандық басылымда өзіндік қолтаңбасы қалса, газеттің қазіргі редакторы К.Қайрақбаев бастаған шығармашылық ұжым уақыт талабына сай халықпен етене қызмет етіп, қарт басылымның қадірін түсірмеуге күш салып келеді.
Иә, халық бұл шаңырақты дүкен деп те атайды. Өйткені баспаханадағы жұмыс күні-түні бір толастамайды, айтса айтқандай, ұста дүкеніндей дүрсілдеп жататын. Баспа машинасының тізгінін ұстаған Жұмабек Уақбаев ағамыз ерекше болмысты адам еді. Сол дүкеннің шырақшысындай, бүкіл өмірін баспахана қабырғасында өткерді. Күн-түнмен санаспай, еңбек етті. Сол кісі зейнетке шыққан соң, көп ұзамай баспахана да жұмысын тоқтатты. Иә, шырақшы демекші, осынау қарашаңырақта қырық жылға таяу еңбек еткен хатшы Жанат Иманалиева жайлы азырақ айтып өтпесек, айып болар. Аудандық газет редакциясында қырық жыл қызмет еткен ол осы уақыт аралығында тоғыз редактормен бірге жұмыс жасаған. Ол уақытта редакцияға келген барлық ақпараттар, оқырман хаттары, аудан басшыларының бірнеше бет баяндамалары хатшының машинкасында терілетін. Демек, хатшының атқарған қызметі де ешбір журналистен кем емес деп ойлаймын.
Баспаханада, кешегі күні ленотип машинасында әріптер қорғасыннан құйылатын уақытта еңбек еткен С.Тәжікенова, Ж.Тәшенова, Қ.Ерғалиева, Р.Кенжебаева, З.Сейтенова, Т.Ахметова, Н.Баймаханова, мекеменің бас есепшісі Т.Жидебаева бүкіл саналы ғұмырын осы шаңырақта өткерсе, сол кездегі жас мамандар, қазіргі ұжымның аға буыны Б.Тәшкенбаева, А.Ізтілеуованың еңбегі ерекше құрметпен атап өтуге лайық.
Осы ретте аудандық басылымның тұрақты авторлары Ш.Айбосынов, Ж.Адамбаев, Р.Смағұлов, Р.Кәрімов, Д.Мейірман, А.Есенбаева, А.Орынбаева, Р.Ерәлиева, Б.Нұржанов сияқты ардагер аға-апаларымыздың да еңбегі елдің көз алдында.
«Жалағаш жаршысы» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде танымдық конференция өткізілді. Конференция жұмысын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Т.Ахетов жүргізді.
Мерекелік жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, «Сыр медиа» ЖШС басшылығы, газеттің байырғы редакторлары, аймаққа белгілі ақын, журналистер, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, аудандық газет редакциясының ұжымы мен ардагерлері, тұрақты авторлары қатысты.
Конференцияда алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов тамыры тереңнен бастау алатын «Жалағаш жаршысы» газетінің бүгінде аймақта өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұртшылығы сүйсіне оқитын беделді басылымдардың біріне айналғанын айтып, басылым мерейтойы бүкіл аудан жұртының ортақ мерекесі екенін атап өтті.
Конференцияда кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Құлмахан, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ә.Шаймағамбетов, ардагер-журналист, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Б.Бүркітбаев, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры М.Аралбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Р.Кәрімов, «Жалағаштың сырлы шежіресі» атты кітаптың авторы, газеттің бұрынғы редакторы, ардагер-журналист С.Бертаев сөз сөйледі.
Конференция барысында «Жалағаш жаршысы» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің газет ұжымына мерекелік «Құттықтауы» табыс етілді. Сонымен қатар, аудандық газетте абыройлы қызмет атқарған бірқатар қызметкерлер мен ардагерлерге республикалық салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісі, облыс әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хаты, «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалі, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының, аудан әкімінің Құттықтауы, Жалағаш ауданының 85 жылдық медалі, «Жалағаш ауданының Құрметті ардагері» медалі сияқты марапаттаулар табысталды.
Сонау ХХ ғасырдың бас кезіндегі колхоздастыру кезеңінен бастап бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің отыз жылдан аса кезеңіндегі қоғам келбеті түгел басылым бетінен көрініс тауып келеді. Рас, қазір технология қарыштап дамып, ақпарат тарату сандық форматқа көшіп, тіпті жасанды интеллект қызметін де пайдалана бастады.
Дегенмен бір ғасырға жуық дәуірдің тарихын таспалап, қоғаммен бірге жасап, біте қайнап, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған дәстүрлі баспасөздің орны бір төбе.
Ғазиза ӘБІЛДА,
газеттің бұрынғы редакторы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<