Бір көзден сатып алудың «жыры» бітпеді

894

0

Жегі құртқа айналған жемқорлық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық қай салада болсын тамыр жайғалы қашан. Ел экономикасын елеулі шығынға батырып отырған әрекеттерден әлі де арыла алмай келеміз. Әсіресе, тендер, яғни, мемлекеттік сатып алу жүйесінде  түрлі заңсыздықтардың тыйылмай отырғаны жасырын емес. Өткізілетін мемлекеттік сатып алуларға байланысты көпшілік арасында түрлі сыни пікірлер айтылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүргенмен, жөнге келген жүйе жоқ. Сыбайлас жемқорлықтың иісі аңқып тұратын сала ретінде айтылатын осы мемлекеттік сатып алулар талайлардың қызметтік жолын ерте аяқтауға себепші  болып, тіпті қылмыскер атандырып, жазасын да беріп келеді. Алайда сабақ алып жатқан ешкім жоқ сияқты. Құзырлы органдар саладағы заң бұзушылықтарды анықтап, тиісті жаза тағайындап-ақ жатыр. Бірақ,  нәтиже қайсы?

Прокуратура органдары былтыр да, биыл да бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарды. Қадағалау шаралары барысында мемлекеттік сатып алудың барлық сатысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Атап айтқанда, заң бұзушылықтар құрылыс нысанының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуден бастап, мемлекеттік сатып алуды өткізу, құрылыс жұмыстарын жүргізу және нысанды қабылдау сатыларында орын алған. Оның ішінде құрылыс барысында жоба-сметалық құжаттамадан жекелеген жұмыстарды алып тастап, орнына негізсіз қымбат материалдарды қосу фактілері бар.

Облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Айдос Әбдібаевтың айтуынша,  2021-2022 жылдары 134 млн теңгеге бюджет қаражатын жымқырудың 5 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Мәселен, былтыр Қазалы ауданы әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеменің 6 млн теңгенің жұмысын атқармағаны анықталып, ауданның құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Жұбатқан Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігімен жауапқа тартылды (3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы). Сонымен қатар Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы «Шіркейлі» арнасы арқылы өтетін көпірді салу кезінде 30 млн теңгенің жұмысы істелмеген.

– Бұл факт бойынша биыл 13 мамырда облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеп, оны жүргізу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне жүктелді. Одан бөлек, 16 әлеуметтік нысанның құрылысын тексеру кезінде 20 млн теңгеге атқарылмаған жұмыстарды тапсырыс берушілердің заңсыз қабылдағаны анықталды. Нысандар бойынша сот-құрылыс сараптамасы жүргізілуде. Оның нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады, – деді А.Әбдібаев.

Жалпы, мемлекеттік сатып алу саласында заңнама бұзған 214 мемлекеттік қызметкердің 134-і тәртіптік, 73-і әкімшілік жауапқа тартылған.

– Мемлекеттік сатып алуды негізсіз бір көзден алу тәжірибеге айналғанын анықтадық. Оның салдарынан сатып алу жалпы бәсекелестік ортада жүргізілмей, кәсіпкерлердің сатып алуға қатысу және ол үшін тең мүмкіндіктер беру құқығы шектеліп келген, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Мәселен, Арал аудандық құрылыс бөлімі бірқатар жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға заңсыз тікелей бір көзден шарт жасауға жүйелі түрде жол берген. Бөлім 2019-2021 жылдары 1 млрд 400 млн теңгеге 54 осындай заңсыз шарт жасаған. Оның үстіне аталған қызметтерді тек белгілі бір тұлғалардан алып келген. Облыстық прокуратураның қадағалау актісімен биылғы 20 сәуірде ведомстволық бақылау жүргізбегені үшін Арал ауданының әкімі мен оның орынбасары тәртіптік жазаға тартылса, бөлім басшысына 8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, қызметінен босатылды.

Биылдан бастап бір көзден мемлекеттік сатып алу тек басқа тәсілдермен сатып алу мүмкін болмаған айрықша жағдайларда жүзеге асырылатыны жөнінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізілгені мәлім. Дегенмен өзгеріске қарамастан, заңды белден басқандар тыйылмай отыр. Олай дейтініміз, 19 кент пен ауыл округ әкімдігі заңсыз 459 млн теңгеге бір көзден 108 шарт жасағаны белгілі болды. Тек Тереңөзек кенті әкімдігінің өзі 224 млн теңгеге 39 негізсіз шарт жасаған.

Осыған ұқсас заңбұзушылықтар өзге де аудандарда, атап айтқанда, Қазалыда 90 млн теңгеге, Жалағашта 46 млн теңгеге, Қармақшыда 52 млн теңгеге, Шиеліде 24 млн теңгеге және Жаңақорғанда 4 млн теңгеге жол берілген. Өз кезегінде бұл мемлекеттік сатып алулар басқа да әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестік орнатып, баға ұсыныстарын сұрату немесе конкурс тәсілімен жүргізу қажет болған. Осы орайда прокуратура негізсіз жасалған шарттардың күшін жою және лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау үшін қадағалау актілерін енгізген.

Жалпы, «бармақ басты, көз қысты» әрекет ешкімге, ешқашан абырой әкелмеген. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейтін бабалар сөзі осындай заң бұзушылықтардың әшкере болғанын көргенде еріксіз  еске түседі. Айналып келгенде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қайран елдің ақшасы-ай» дейміз де қоямыз.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<