Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған, Шиелі аудандарына жұмыс сапарымен барып, 5 елді мекенді табиғи газға қосу рәсіміне қатысты.
Алдымен аймақ басшысы Шиелі ауданының «Еңбекші», «Жиделіарық» ауылдарының тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен және мереке қарсаңында ауылдарға газ қосылу салтанатымен құттықтады.
– Облысты газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Қазір барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекенге газ жеткізілген. Биыл 12 ауылдық елді мекенге тартылуда. Осылайша өңірде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді. Биыл аудандағы 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газ игілігіне кенелді. Аудандағы 6 елді мекен – «Еңбекші», «Жиделіарық», Ә.Тәжібаев, «Алмалы», Досбол датқа, «Бестамға» газ тарату желілерін орнату үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Бүгін «Еңбекші» ауылының тұрғындары «көгілдір отын» жаға бастайды. Келер жылға қаралған 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеміз. 2024 жылдың соңында газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етеді деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Еңбек ардагері Сұлтанбек Оразымбетов жерлестерін құттықтап, жиналған қауымға бата берді.
Іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Рәсімнен кейін облыс әкімі газ қосылған үйді көріп, ізгі тілегін білдірді.
Мұнан бөлек, кеше Жаңақорған ауданындағы «Жайылма», «Шалқия», Құттықожа ауылдары да газға қосылып, тұрғындар қуанышы еселенді. Сәуір айында «Бірлік», «Қыраш» елді мекендеріне «көгілдір отын» кіргізілсе, келер жылға «Кейден», «Төменарық» елді мекендері жоспарланған. 2024 жылы 4 млрд теңгеге тағы 12 елді мекенге табиғи газ желілері орнатылмақ. Осылайша газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<