«Бірегей» нөмірлер беріле бастайды

218

0

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап «Өзавтомотобелгі» мемлекеттік унитарлық кәсіпорнына ашық электрондық аукцион арқылы алтыға дейінгі әріптерден және (немесе) сандардан тұратын автокөлік құралдарына «бірегей» мемлекеттік нөмір белгілерін беру құқығы берілді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

«Бірегей» мемлекеттік нөмірлер қолданыстағы мемлекеттік нөмір белгілерін қайталамауы, заңға және моральдық нормаларға қайшы келетін мағынаға ие болмауы керек. Енді көшелерде «САРВАР», «АЗИЗА», «ОДИЛ» немесе «БҰХАРА» деп жазылған нөмірлі көлік­тер жүру мүмкін.

Сынықты емдеудің жаңа әдісі

Оңтүстік Корея мен АҚШ ғалымдары сынған сүйекті емдеудің жаңа әдісін ұсынды. Бұл туралы 24kz ақпаратында айтылған.

Тың құрылғы операция кезінде науқастың денесінде сүйек имплант­тарын тікелей «басып шығарады». Ол үшін сүйек тініне ұқсас заттар мен инфекцияның алдын алатын анти­биотиктерден тұратын арнайы қоспа қолданылады.

Мамандардың айтуы бойынша, қоспа төмен температурада балқып, ағза тіндеріне зиян келтірмейді. Сондай-ақ сүйектің тез әрі дұрыс бітуіне ықпал етеді. Алғашқы сынақ құрылғының қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсеткен.

Жаңа жұмыс орындары азайған

АҚШ-та жаңадан ашылған жұмыс орындары азайды, деп хабарлайды 24kz.

Еңбек департаментінің есебінше, тамыз айында 340 миллион азаматы бар Америкада 22 мың ғана жұмыс орны ашылған. Бұл шілдедегі көр­сеткіштен 3,5 есе аз.

Сарапшылар: «Биылғы еңбек на­рығының баяу қарқынына 2022-2023 жылдары Федералдық резервтің инфля­цияны тежеу мақсатында па­йыз­дық мөлшерлемені 11 рет кө­теруі себеп» дейді. Трамптың тариф саясаты да ықпалын тигізген. Соның сал­дарынан бизнес өкілдері бола­шағын болжай алмай, жаңа қызмет­кер­лерді жұмысқа қабылдаудан тартынған.

Алтынның бағасы аспандап барады

Алтынның әлемдік нарықтағы бағасы рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды 24kz.

Жыл басынан бері бағалы металдың ресми құны 33 пайызға өскен.  «Унциясының 3550 дол­лардан асуына АҚШ валютасының әлсіреуі мен Федералдық резервтің пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы шешімі себеп» дейді сарап­шылар. Америкада жұмыс орын­дары­ның азаюы да инвесторларды ақшасын алтынға салуға итермелеп отыр.