Бірлескен барлау

1373

0

Дала күнделігінен

Қазақстан ­Республикасы Ұлт­тық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ғылыми орта­лығының ғалымдары бірлесе отырып солтүстік-батыс Арал маңы мен Ырғыз-Торғай айма­ғына архео­логиялық барлау жұмыс­тарын жүргіздік.

Ізденіс жұмыстары тарих ғы­лымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлының «Батыс Сары­арқа мен Солтүстік Арал бойы сақ­тарының мәдени кешені: пәна­ралық зерттеу» гранттық жобасы аясында іске асты. Экспедиция атынан Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты, Құланды, Ырғыз, Нұра, Белшер елді мекендерінде қол ұшын созып, көмектерін берген, ел ішінде сақталған деректерді айтып, жолсерік болған азаматтарға алғыс айтамыз.

Арал маңының тас және қола дәуірлері

Сыр өңірін археологиялық тұрғыдан зерттеудің бірнеше ба­ғытта өрбігендігін аса ма­ңызды ашылулармен атап өтуге болады. Арал маңының неолит және қола дәуірлеріне, гео­графиялық кең түсінікпен қара­ғанда, ортаазиялық қос өзен Сырдария мен Әмудария айма­ғында ежелден өркениеттер ізі сақталған. Өлкемізде біздің заманымыздан бұрынғы ІV-III мыңжылдықтардың өзінде туыс­тас тайпалардың қоныстануы аңғарылады. Олардың экономикасы қарапайым, яғни, аңшылық және балық аулау кәсіптері еді. Арал маңы археологиясында бұл мәдениет «келтеминар» атымен белгілі.

Бұл мәдениеттің үлкен тұрақ­тары ХХ ғасырдың орта шегінде (Сексеуіл, Көнту, Ақеспе, Қара-сандық, Шөлқұм, Тәмпі, т.б.) Солтүстік Арал маңы мен Кіші Борсық құмдарынан табылды. Олар өмір сүруге жайлы, суға жақын аймақтарда орна­ласқан. Тастан жасалған еңбек құрал­дарынан басқа, қой, сиыр және құлан сүйектерінің табылуы алғашқы қауымдық тайпалардың отарлап мал өсіру кәсібіне өт­кендігін көрсетеді.

Кейінгі жылдары Арал маңынан (Қазалы, Арал) осы дәуірлердің жаңа ескерткіштері ашылды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Тапа қонысы мен қорымы, Үрген, Ерімбетжаға, Сарышоқы, т.б. ескерткіштер.

Биылғы барлау жұмыс­та­ры­ның мақсаты ежелден Сыр­­­дың төменгі ағысы мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақ­стан (Қостанай) Батыс Сібір аймақтарын жалғап жатқан Сол­түстік Арал маңында әлі күнге дейін ғалымдардың табаны тимеген ақтаңдақ жерлерді аралап, кешенді зерттеулер жүргізу үшін жаңа нысандар таңдау болды. Барлау жұмысы барысында тас дәуірі ескерткіштерінен бастап, ХІХ-ХХ ғасырлардың бас кезеңіне дейінгі барлық ескерткіштер тізімге алынып, сипаттамалары жазылып, фотофиксация жасалып, географиялық координаттары анықталды. Сонымен қатар, олардың орналасқан тарихи-табиғи ландшафты да әуеден суретке түсірілді.

Тас (негізінен неолит кезеңі), қола және ерте темір дәуірлерінің тұрақтары мен қоныстарының орындары қазіргі ауылдарға жақын, ыспа құмдар маңынан анықталды. Олар жоғарыда атап өткендей, тұщы бұлақ, құдық маңына шоғырланған. Мысалы, бүгінде ауызсу мәселесі өте қиын жағдайдағы Ақбасты және Құланды маңында, тас дәуірінің ескерткіші аздап болса, сақ-сармат кезеңінің ескерткіштері анықталмады.

Алғаш анықталған тұрақтар Арал ауданы, Шижаға, Сексеуіл маңында орналасқан. Жалпы Сексеуілдің солтүстік маңында халықтар ежелден қоныстанып, ұзақ уақыт өмір сүрген. Тағы өмір сүруге өте ыңғайлы аудан – ол Кіші Борсық құмының батыс жағалауы мен оңтүстігі, яғни, Қосаман, Ақеспе маңы болған. Ақбасты маңынан бір тұрақтың орны және Құланды маңынан бір тас құралдарын жасаған шеберхана және екі қоныстың орны анықталды. Бұлар – жаңа ашылған ескерткіштер.

Барлау жұмысының басты мақсаттарының бірі – Ырғыз өзені мен Торғай өзенінің қосылатын аймағы. Бұл жерді «Құйылыс» немесе «Құрдым» деп атайды. Аты айтып тұрғандай, бұл екі өзен осы маңда қосылып, Арал маңы Қарақұмы арқылы Шалқар теңізі ойпатына құяды. Өкінішке қарай, биыл су Құйылыс маңына жетпей, өзендер табанының шаңы шығып жатыр. Осы жерден үлкен тас дәуірінің қоныстарының ізін таптық.

Сақ-сармат мұралары

Сырдың төменгі арнасының сақ дәуірі (б.з.б. VII-V ғғ.) археология ғылымында көрнекті Оңтүстік Түгіскен және Ұйғарақ обалы қорымдарымен танымал. Олар Жалағаш ауданының Қызылқұм беткейінде орналас­қан. ХХ ғасырдың 60-жылдары Хорезм ­экспеди­ция­сы бұл ескерткіштерде то­лық­тай археоло­­гиялық қазба жұ­мыс­тарын жү­р­гізген.

Ұйғарақ пен Оңтүстік Түгіс­кеннің құм үйінділері астынан алуан түрлі жерлеу құрылыстары қазылып ашылды. Жерлеу құры­лыс­тарының осындай әртүрлі болуы, шамасы, отбасылық қаты­настар жүйесін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік кұрылымды, рулық қауымның эволюциясын да көрсетсе керек. Бұл, әсіресе, Ұйғарақ қорымындағы әртүрлі обалар топтарының үлгісінде ерекше айқын байқалады. Абыз әйелдер көп жерленген шығыс топтың молаларында кейінгі қола дәуірінен келе жатқан ғұрып-дәстүрлер айқынырақ байқалады.

Табылған алуан түрлі заттар б.з.д. VII-V ғасырларда Аралдың шығыс өңірін мекендеушілердің материалдық мәдениетінің бей­несін толық сипаттайды. Зат­тардың қатарына жапсырылып істелген жергілікті ыдыстар мен құмырашы ұршықшасында жасал­ған керамика, қола пы­шақтар, киім әшекейлері мен сәндік бұйымдар, тас құрбандық ыдыстары мен жануыштар, ат әбзелдері мен қару-жарақтар жатады.

Ұйғарақ пен Түгіскеннің жерлеу мүліктерінің ішінде бейнелеу өнерінің көз тартар үлгілері де кездеседі. Бұлар – ер-тұрмандағы, алтын қаптырмалардағы, алтын шеттіктердегі хайуандардың бей­нелері. Хайуанаттар бейне­ле­рінің арасында бұғы, киік, жылқы, тау­теке, қабан, арыстан, барыс не қабылан, жыртқыш құс, түйе бар. Бұл заттардың жасалу әдістері мен стилі Арал өңірі сақтарының мәдениетін скифтік-сібірлік өнер дүниесіне енгізеді.

Осы жәдігерлерге қарап, оларды Төменгі Әмудария, Орталық Қазақстан, тіпті Жетісу және Батыс Қазақстан аймағын мекендеген сақ-савромат тайпаларымен тығыз байланыста болғанын көреміз.

Батыс аймақпен байланысты дәлелдейтін осындай ескерт­кіш­тер Сырдың Аралға құяр маңы мен Аралдың солтүстік маңында неге анықталмаған? Міне, осы сұраққа жауап іздеу мақсатында барлау барысында бірнеше обалы қорымдарды анықтадық.

Осы уақытқа дейін ақтөбелік әріптестеріміз Шалқар мен Ырғыз, Үлкен Борсық пен Кіші Борсық маңынан көптеген обаларды анықтаған болатын. Біз­дің мақсат сол зерттеулер қам­тымай қалған екі облыстың шекара аймағында сақ-сармат ескерткіштерін табу еді.

Жалпы дегенімізге жеткен сияқтымыз, бірақ, біз ойлағандай олар көп болмай шықты. Оның бірнеше себептері бар деп ойлаймыз. Кейінгі қола (б.з.д. ІХ-VIIІ ғғ.) ерте сақ кезеңінде (б.з.д. VII-V ғғ.) Арал теңізі тартылып, Сырдың бойында су тек Іңкәрдариямен ағып су тапшылығы болғанға ұқ­сайды. Аралдың сол­түстік, батыс жағалауларын мекен етіп отырған халық әрі ығысып, өмір сүруге қолайлы аудандарға қоныс тепкен.

Кейін Шірік-рабат мәдениеті (б.з.д. ІV-ІІ ғғ.) Жетісасар мәде­ниетінің ерте кезеңінде (б.з.д. I-V ғғ.) экологиялық жағ­дай жақ­сарып, Сырдың төменгі ағысы мен Арал теңізі жағала­уында халық қайта тығыз қоныс­тана бастайды.

Оған дәлел Сексеуілдің сол­түстігіндегі Алтыншоқысу қыра­тындағы Сарыоба, Алтын­шоқысу обалы қорымдары, Ақеспе мен Ақбасты арасындағы шоқыларда сармат обалары көптеп анық­талды. Ырғыз төңірегінде де осындай обалар орналасқан.

Ерекше айта кететін ескерткіш – Ақеспенің шығысындағы қырат басындағы ақбөкенді қаумалап айдап алып келіп, қамайтын аран­ның табылуы.

Аран – аң аулаудың ерекше тәсілі. Аңдарды қаумалап үркітіп келіп, аранға, яғни, қоршауға қамаған кезде, кірген аң сасқалақтап істік, қадаларға түйреліп, қозғала алмай қалады. Осы сәтте аңшылар олжасын оңай соғып алады.

Иен даладағы арнайы қазылып жасалған аран түрлерін «қамба» немесе «ұра» деп те атайды. Ол аң көп жүретін  жерлерге тастан, ағаштан, шіліктен қоршау тәрізді етіп жасалып, оның түйіскен тұсына терең апан немесе ұра қазады.

Бұндай арандар Үстіртте көп кездескенімен, Арал маңында ал­ғаш анықталып отыр. Жебе тәріз­дес бейнеде қазылған ордың жалпы ұзындығы 800 метрге жетеді. Аранды өте ыңғайлы жерді таңдап, дайындаған.

Ортағасырлар кезеңі

Сөз басында айтқандай, барлау жұмысы барысында негізінен ерте кезеңнің ескерткіштерін ескердік. Бірақ, аймақтың толық тарихи кезеңі мен келбетін ашу мақсатында барлық дәуірлерді қамтыдық.

Аралдың солтүстік және батысы аймағында ортағасырлық ірі қоныстың іздері табылмады. Бұл басты шаруашылық түріне, яғни, көшпелі мал шаруашылығына және қосымша балық аулау кәсібіне де байланысты. Есесіне арабша жазулары бар құлпытастар қойған қазақтың рулық қорым­дарын тізімге алдық.

Ырғыздың Нұра ауылының іргесінен тарихи деректерде кез­де­сетін Кіші жүз хандарының қалашығының (Нұра шартты атауы берілді) орнын таптық. Қалашық жоспары шеңберлі, орта­сында цитаделі бар, айналасы ормен қоршалған. Жер­гілікті өлкетанушы Арман Қара­жанұлының айтуынша, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев 1979 жылы осы Нұра маңында болып Әбілқайыр хан салдырған қалашық орнын іздеген екен. «Үркер» романында Қаратүбекте Әбілқайыр ордасы болған деп жазылған. Біз тапқан қалашық сол Қаратүбекте орналасқан. 

Тағы бір қызық «Тесік арық» деп аталатын ескерткіш Ырғыз ауданы Белшер ауылынан оңтүс­тікке қарай 30 шақырым жерде Торғай өзені бойынан анықталды. Торғай өзенінен шығысқа қарай тізбектеле қазылған шамамен 116 құдық орны сақталған. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырым құрайтын кәріз жерасты суын бір орынға жинап, оларды шаруашылықта пайдалану мақсатында жер бетіне шығарған. Тесік арыққа қатысты ел арасында аңыз да сақталған.

Арал маңы Үлкен Борсық құмы, Кіші Борсық құмы, Арал маңы Қара құмы өзіндік таби­ғатымен және  Ырғыз  өлкесі 80-нен аса ірілі-кішілі көлдерімен ерекше. Бұл аймақтың халқы ежелден табиғатпен бітесе тіршілік етіп келеді. Бірақ, табиғатты сол адамзаттан қорғауға мәжбүр болып отырмыз. Аралда «Барсакелмес», Ырғызда «Ырғыз-Торғай» табиғи-қорықтары жұмыс жасайды. Торғай бойындағы бар­­лау жұмыстары барысында дала­ның иесі мен киесі – ақ­бө­кендер мекенінен өттік. Бағы­мызға орай төлдеу кезеңіне тап болып, даланың сұлу келбетін тамашаладық.

Қорытынды ой

Шығыс, Солтүстік Арал маңы­ның физикалық-геогра­фия­лық ерек­шеліктері бұл өңір­де басқа ха­лықтар мен эконо­микалық, саяси және мәдени байланыстарының ты­ғыз дамуына мүмкіндік берген. Арал маңының тарихы бес мыңжылдықты қамтиды. Ежелгі заманнан бастап осы жерде өмір сүрген халықтар Батыс және Шығысты байланыстыра отырып, өзіндік шаруашылық пен мәдени типті қалыптастырады.

Сыр өңірінде мекен еткен сақ, қаңлы, оғыз және қыпшақ тайпалары Қазақстан халқының этногенезінде ғана емес, Орта Азия, Орталық Азия және Еуропаның қазіргі халық­тарының қалыптасуында маңызды рөл атқарған.

Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,

археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<