Бірлескен жұмыс нәтижелі

587

0

Облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан бастап өңірде археологиялық қазба жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл Қармақшы ауданындағы ежелгі Бәбіш мола, Қазалы ауданындағы ортағасырлық Жанкент, Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашықтарында қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде әртүрлі кезеңге жататын тұрғын үй орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш, құмыра күйдіретін пештер мен кесенелер табылды.

Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде археологиялық зерттеу жұмыстарының көрмесі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов және Алматы, Түркістан қалаларынан келген археолог мамандар қатысты.

Ең алдымен, Қармақшы ауданында орналасқан сақ заманының айрықша ескерткіші Бәбіш мола қалашығынан табылған көне жәдігерлер таныстырылды. Тарихи мекендегі зерттеу жұмыстары «Антик» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының археолог мамандары Ж.Құрманқұлов пен Ж.Өтебаевтың жетекшілік етуімен жүзеге асырылды. Қазба жұмыстарының барысында «Көзешілер» мекенінің тұрғын үйі, 2 жерлеу орны табылған. Қазба жұмысы аяқталған соң тарихи  нысандарға консервациялау жұмыстары жасалған.

Жанкент қалашығынан табылған ескі жәдігерлер де көрме экспозициясына қойылған. Жанкент қалашығы – республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. Әсіресе түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеуде айрықша маңызға ие. Бұл қалашықта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ә.Тәжекеев және археолог С.Біләлов жетекшілік еткен.

– Зерттеу барысында шығыс және батыс қамал қабырғасын, қорған мұнарасын аршу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, қалашықтың шығыс бөлігінде орналасқан тұрғын үй кешенінде жалғасты. Аршылған нысандарды уақытша сақтау, бекіту, консервациялау жұмыстары жүргізілді.

Жанкент қалашығында қазба жұмыстарымен қатар бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды, – деді археолог С.Біләлов.

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Германияның Тюбинген университетінің бірлескен жобасы аясында аталған қалашықта қосымша қазба жұмыстары жүргізілді.

Көрме барысында археолог мамандар Жаңақорған ауданы Сунақата ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған жәдігерлерді көпшілікке ұсынды. Мұнда қазба жұмыстарын «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі С.Мұрғабаев жүргізген.

Тарихқа жүгінсек, Сығанақ қаласы Қыпшақ хандығы мен Ақ Орданың астанасы және Әбілқайыр ханның басқару ордасы болуымен ерекшеленеді. Аталған қалашықта ерекше жәдігерлерді консервациялау және уақытша сақтау жұмыстары жүргізілген.

– Қазба жұмыстары кезінде Сығанақ қалашығының тарихымен байланысты Қожамберді ауылындағы Көккесене сағанасы толық аршылды. Сондай-ақ, бүгінге дейін қалашықта қыш күйдіретін пештер табылмаған. Биылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде пештердің комплексі анықталды. Лабораториялық зерттеулерге қарағанда пештер 1000 градусқа дейін қыш, керамикалық ыдыстарды күйдірген екен, – деді зерттеуші С.Мұрғабаев.

Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру жұмыстары бойынша Сығанақ қалашығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жетекшілігімен зерттеу жұмыстары жасалды. Зерттеу нәтижесінде қыш құмыралар мен әшекей бұйымдар табылған. Көрмеге қатысушылар көне жәдігерлермен танысу барысында мол мағлұмат алды.

Көрме соңында облыс әкімінің орынбасары Сыр еліне арнайы келген қонақтарға алғыс білдірді. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарына облыс әкімдігінен қолдау көрсетілетінін айтып, тиісті сала мамандарына тапсырма берді. Сондай-ақ, археологиялық зерттеу орталықтары арнайы жоба әзірлеп, бірлескен жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<