Бірлікке үндейтін белсенділік

953

0

сырбойылықтар саяси науқанды тағы да сәтті өткізді

ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қызылордалықтар белсене қатысты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында сайлау учаскелерінде ыстық бауырсақ пісіріліп, киіз үй тігілген. Келушілер дәм ауыз тиіп, бір-біріне жылы лебіздер білдіріп жатты. Тұрғындарға қуаныш сыйлау үшін барлық дауыс беру учаскелерінде көңілді әуен шырқалды.

Айталық, «Саяхат» ықшам ауданының тұрғындары №348 сайлау учаскесіне келіп, ел болашағы үшін өз таңдауын жасады. Сағат 12:00-ге дейін 500-ге жуық адам дауыс бергенін білдік. Келушілердің қатарында 81 жастағы Қасым Үкайұлы да бар.

– Азаматтар үшін қабылданатын әрбір шешім маңызды. Еліміздің ертеңі үшін, ұрпағымыздың жақсы өмір сүруі үшін, жұртымыздың әлеуетінің артуы үшін таңдауымды жасадым. Ел еңсе тіктеп, егемендігіне қол жеткізгелі көп нәрсе өзгерді. Елдің кемел келешегі үшін сайланып жатқан азаматтар адал болып, елдің жағдайын жақсарта бергей, – деді қарт.

Елмен бірге екенін білдіріп, дауыс берген ақсақалға сыйлық тарту етілді. Ал Қасым ата ел болашағына әсер ететін тарихи сәтте дұрыс таңдау жасалатынына сенім білдіріп, ақ батасын берді.

 Мұнан кейін біз Абылайхан атындағы №140 орта мектепте орналасқан №211 сайлау учаскесіне бардық. Мұнда 2138 сайлаушы тіркелген. Алғашқы дауыс беруші Шолпан Бисембаеваға сыйлық табысталды.

Ал №227 сайлау учаскесі «Ақсуат» ауылдық округі, Ж.Маханбетов ауылындағы №143 орта мектепте орналасқан. Бұл учаскеге 2864 сайлаушы тіркелген.

Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Әбуов ең бірінші бюллетенді салып, сыйлық иеленген. Үйден дауыс беруге өтініш білдірген 23 адам бар. Аталған учаскенің хатшысы Талғат Әбіртаевтың айтуынша, бұл сан сағат түскі 12-ге дейін тағы толықтырылуы мүмкін. Осы уақыттан кейін үй аралауға комиссия мүшесінен 2 адам, егер байқаушылардан тілек білдірушілер болса, олардан да барады. Алғаш дауыс беруге келген 18 жастағы Гүлім Қаппар есімді бойжеткен таңертең 7:15-те өз таңдауын жасаған. Ең жас сайлаушыға арнайы сыйлық табысталыпты. Ал 87 жастағы ақсақал Қыпшақ Рүстембеков учаскенің ең қарт дауыс берушісі екен. Ақ батасын берген бұл кісіге де сый-сияпат көрсетілген.

Сайлау учаскесіне бақылау жасауға – 10, сенім білдіруші 8 адам тіркелген.

Бір сөзбен айтқанда, облыс орталығындағы сайлау учаскелері саяси һәм тарихи іс-шараны лайықты деңгейде өткізді

***

Қай сайлау науқанында да шынайы белсенділік танытып, ауыл, аудан орталығы тұрғындары осы жолы да таңдау жасаудан тартынып қалған жоқ.

Арал. Сайлауда Арал ауданы халқының белсенділігі жоғары болды. Барлық саладағы мамандар, әр буын өкілдері ел ертеңі үшін жасалатын маңызды науқанға үн қосты. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетов аудан орталығындағы «Қарлығаш» балабақшасы ғимаратында орналасқан №53 сайлау учаскесіне барып дауыс берді. 95 жастағы абыз ақсақал аралдықтарды маңызды науқанға белсенді атсалысуға шақырды. Тұрғындарға батасын беріп, сәттілік тіледі.

Ауданда 55 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Барлық сайлау учаскелерінде алғаш болып келген сайлаушыларға ұлттық нақыштағы сыйлықтар табысталды.

Қазалы. Мұндағы сайлаушылар қатарында жүз жасаған жандар, кәмелет жасқа толып, алғаш дауыс бергендер де бар.

Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны Шамша Аймашқызы – №64 сайлау учаскесінде дауыс беруге алғаш келген сайлаушы. Ол өз таңдауын жасауға немере-шөберелерімен бірге барған.  Сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Алдабергенов ғасыр жасаған анаға сыйлық тапсырды. Қазір он бес немере, жиырма сегіз шөбере, сегіз шөпшек сүйген Шамша Аймашқызы саналы ғұмырында барлық саяси науқаннан қалыс қалған емес.

Отан алдындағы міндетті борышын өтеп келген жас сарбаздар Рахат Өмірзақов пен Наурызбек Серікұлы Ү.Түктібаев ауылындағы №84 сайлау учаскесінде дауыс берді. Олар Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы бойынша шекара басқармасының 2535 әскери бөлімшесінде қызмет еткен.

Қармақшы. Ауданда сайлау учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындарды үйіне жеткізіп салу үшін автоволонтерлар тегін тасымал қызметін ұйымдастырды.

Қуаңдария ауылында той үстінен тікелей сайлауға келген жас жұбайлар №111 сайлау учаскесінде дауыс берді. Жас отбасы үшін бұл тек бас қосқан күн ғана емес, сайлау күнімен де есте қалмақ.

«Ақай» ауылында №116 сайлау учаскесінде өткен жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, грант жеңіп алған ауыл кәсіпкерлері кулинарлық және кондитерлік, нан өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Жалағаш. Ұрпаққа үлгі көрсету үшін аудан тұрғындарының басым бөлігі сайлауға бүлдіршіндерін ерте келді. Балаларға арнайы дайындаған ойыншықтар үлестірілді.

«Таң» ауылындағы №136 сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың қарасы қалың болды. Мұндағы ағайын елдің, ауданның, ауылдың ертеңі үшін өтіп жатқан саяси науқанның маңызын жақсы түсінеді. Сайлау учаскесінде «Таң ЛТД» ЖШС ұжымы дауыс беруге біркісідей қатысты.

Сырдария. А.Тоқмағанбетов ауылындағы №154 сайлау учаскесінде дауыс беруші тұрғындар арасында қазақтың ұлттық ойындарынан сайыс ұйымдастырылды.

Жасы жүзден асқан Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров №155 сайлау учаскесінде алғашқы болып дауыс берді. Батагөй ақсақал жиналғандарға батасын беріп, мұндай саяси науқандарда белсенділік көрсету керегін айтты.

Шиелі. Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжанов өз таңдауын үйде жасады. Бұл үшін комиссия мүшелері оның тұрғылықты мекен-жайына арнайы барды.

Сайлаушылар ағаш көшеттерін отырғызып, жақсы көңіл-күйде тарқасты. Осы күні ауданда 2 сәби дүниеге келді. Екеуі де – ұл.

Жаңақорған. Кенттегі №335 сайлау учаскесіне М.Көкенов көшесінің тұрғындары бірге келіп, таңдауларын жасады. Бірлігі жарасқан көршілер ел үшін саяси мәні бар шарадан қалыс қалмады.

Осы учаскеге жедел жәрдем қызметкерлері де келіп дауыс берді. «Біз өз таңдауымызды жасадық. Бұл – ең алдымен ел болашағын айқындайтын кезең» дейді жедел жәрдемдіктер.

«Сыр бойының» тілшілер тобы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<