Сенбі, жексенбі күндері шежірелі аймақтың 85 жылдық мерейтойы Жаңақорған және Шиелі аудандарының 95 жылдығына ұласты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екі ауданның тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Алдымен Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылдық округінде орналасқан «Жан-Арай» кешеніндегі шипажай ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Аймақ басшысы заманауи үлгідегі демалыс орнын салған кәсіпкер, меценат Бақдәулет Мақашовқа алғыс білдірді.
– Сыр өңірі мерейтойға жоғары дайындықпен келді. Жаңақорған ауданында да келелі істердің жарқын көрінісі байқалады. Ауданның даму көрсеткіштері жақсы. Биыл 6 елді мекенге газ құбырлары тартылуда. Жаңақорғанда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Біреуінің іргетасын бүгін қалаймыз. Жыл соңына дейін Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Екі ауылда жаңа 150 орындық клуб қызметін бастайды. Біреуінің ашылу салтанаты бүгін өтеді. Мемлекеттің қолдауына мұқтаж 50 отбасы баспаналы болады. Халықтың саулығын сақтауға септігін тигізетін шипажай, міне, игіліктеріңізге қызмет етуге әзір. Әлеуметтік маңызы бар нысан салып берген кәсіпкерге алғысымды білдіремін – деді облыс әкімі.
Іс-шарада Бақдәулет Еркінбекұлына Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, «Жан-Арай» ЖШС-ның 4 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, шипажай кешені «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие қаражаты және кәсіпкердің өз қаржысы есебінен салынды. 150 орындық нысанда 50 адам жұмыспен қамтылады.
***
Мереке Жайылма ауылдық округіндегі 150 орындық клубтың ашылу салтанатымен жалғасты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін қос мерекемен құттықтады.
– Ертеңін ойлаған ел алдымен мәдениетке бет бұрады. Көсемсөз зергері, жазушы Мұхтар Әуезов: «Ғылым мен мәдениет – барлық дүниенің алтын алқасы» деген. Өңірде саланы дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы айдың басында «Отбасы», «Анаға тағзым» орталықтары пайдалануға берілді. Аймақта алғаш рет симфония оркестрі құрылды. «Өнер орталығының» құрылысы аяқталуға жақын. Демеуші есебінен жыл соңына дейін музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланады. Келер жылы аудандарда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив орналасатын, жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталықтары салынады.
Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады. Енді ауылдықтар осы жерге жиналып, түрлі рухани кештер, шаралар ұйымдастырады. Заманауи үлгідегі жаңа клуб сахнасынан түлеген таланттар биікке самғайтынына сенемін, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шарада Жайылма ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Баймаханов бата берді.
Қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңа клуб екі қабатты, ғимарат ішінде көрермендер залы мен 22 бөлме бар.
***
Мерейтой аясында 50 отбасы Жаңақорған кентінен жаңа баспана алды.
– Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өтті. Кейінгі жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Бүгін облыстың 85 жылдығына орай аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 50 отбасының қуанышын еселемекпіз. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалған қолдаудың нақты көрінісі, – деп аймақ басшысы жаңа үйдің кілтіне ие болған жерлестерін құттықтады.
Баспана тапсыру рәсімінде қоғам қайраткері Нұрлыбек Жолдасбаев ауыл тұрғындарын құттықтап, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ардагер Мұзарап Махмутов бата берді.
Тұрғын үйді салған мердігер мекеменің 5 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңадан салынған 25 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Әр пәтерде қонақ, жатын, жуынатын бөлмелер, ас үй қарастырылған. Үйіргелік жер учаскесі 700, пәтердің алаңы 100 шаршы метр.
***
Қос мереке Жаңақорған ауданының орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 600 орындық мектептің құрылысы басталуымен де есте қалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
– Қазір аймақта басымдық берілген саланың бірі – білім. Оған бағытталған қаржы көлемі 245 млрд теңгеге жетті. Көптеген ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Алдағы үш жылда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде құны 100 млрд теңге болатын 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Бүгінде 10 мектептің құрылысы басталды. Ал қалған 11-нің құрылысы жыл соңында және алдағы жылдың басында басталады. Соның бірінің іргетасын бүгін өздеріңізбен бірге қалаймыз. Білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай, – деді аймақ басшысы.
Құрылыс алаңында білім саласының ардагері Серік Мұсабай бата берді.
Бас мердігер «Аман-Құрылыс» ЖШС директоры Әділхан Маштаев Құрмет грамотасымен, мекеменің 3 қызметкері алғыс хатпен марапатталды.
***
Жаңақорған ауданында облыстың 85, ауданның 95 жылдығына тарту ретінде теміржол вокзалы мен Хорасан ата кесенесін абаттандыру қолға алынған еді.
Облыс әкімі нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Жаңақорған кентіндегі теміржол вокзалының ғимаратын «Ақ-Юг құрылыс» ЖШС абаттандыруда, жобаның құны 53 млн теңге, 0,20 гектар аумағына субұрқақ, гүлзарлар, орындықтар орналастыру қарастырылған.
Хорасан ата кесенесі XIV ғасырда салынған, 2005 жылдан бері қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Биыл демеушілер есебінен 100 млн теңге бөлініп, абаттандырылмақ. Зиярат ету орталығының аумағында кесене, мешіт, музей, асхана, бастырма орналасқан.
***
Аймақ мерейтойымен тұспа-тұс келген Жаңақорған ауданының 95 жылдығы ауқымды гала-концертпен қорытындыланды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын құттықтау сөзінде Жаңақорған ауданында жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 10 ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны ерекше. «Алтын дән» дала еңбеккерлерінің қорытынды шарасында Жаңақорған «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атанды.
– Қойнауы құт, даласы дархан Жаңақорғандағы жасампаз жобалардың барлығы еңбек адамдары – сіздердің арқаларыңыз, – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы елдің берекесі мен бірлігін сақтауға үлес қосқан, тәуелсіздік жылдарынан бері ауданды басқарған ел ағаларына алғыс білдірді. Іс-шарада бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, 6 адам Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұнан бөлек, аудан мерейтойына арналған айтыс жеңімпаздары марапатталды.
Мерекелік кеш әсем әнмен, мың бояулы отшашумен аяқталды.
***
85 жылдық облыс тарихында өзіндік орны бар ауданның бірі – Шиелі. Өндіріс пен ауыл шаруашылығын қатар дамытқан ауданның құрылғанына 95 жыл толып отыр. Жексенбі күні мерейтойын атап өткен шиеліліктер еңбек майданындағы өз озаттарын марапаттады. Сондай-ақ жазба ақындар мүшәйрасы мен дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, ат бәйгесі той көркін қыздырды. Ал кешке аудан орталығында үлкен гала-концерт ұйымдастырылды. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.
– Биыл қасиетті Сыр өңіріндегі Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толды. Мерейлі мереке қарсаңында халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін көптеген игі іс, оң бастама жүзеге асты. Жақында Үкімет 9 айдың қорытындысын жариялап, аймағымыздың даму көрсеткіштері республикадағы үздік үштікте екені атап айтылды. Ал Шиелі ауданында сауда, туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жоба, 28 млрд теңгені құрайтын 15 жеке инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғанда 860 жаңа жұмыс орны ашылады. Шиелі – 41 Еңбек ері шыққан, Жер-анадан несібесін теріп, маңдай терін төккен еңбек адамдарының мекені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек» деген болатын. Ауданның жетістіктері – баршаңыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ, бірлік, келісіммен жасаған тірліктеріңіздің нәтижесі, – деді аймақ басшысы.
Мерейтойда Нұрлыбек Машбекұлы Тәуелсіздік бастауынан бері ауданды басқарған ел ағаларын құттықтап, халық ынтымағын сақтап, ырысын тасыту жолындағы атқарған жұмыстарына алғыс білдірді. Іс-шарада бірқатар азамат облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Кеште эстрада өнерпаздары ән салып, аудан жұртшылығын мерейтоймен құттықтады. Халық көңілін көтерген концерттік бағдарлама соңы мерекелік отшашуға ұласты.
***
Ал бұған дейін орталық стадионда облыстың 85 жылдығы және Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Алтын күз-2023» мерекелік шарасы өткен еді. Шараға Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, қоғам және мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманұлы сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Мұнан соң аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсұлтан Апетов барша аудан тұрғындарын құттықтап, сала үздіктеріне автокөлік, пәтер кілті және бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға мерекелік медаль тағылып, шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға жалғасты.
Мерейтой аясында ерлі-зайыпты Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтанхан Төрениязов пен Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваның 100 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» атты жазба ақындардың облыстық жыр мүшәйрасы өтті. Жыр кешінде «Өнегелі өмір» кітабының тұсауы кесіліп, аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов және даңқты еңбеккерлердің ұлы Оралсейіт Төрениязов пен еңбек ардагері Сейітомар Ермекбаев сөз сөйледі.
Шара республикалық дәстүрлі әншілер байқауымен жалғасты. «Сырдың қараторғайы» атанған айтулы өнерпаз-әнші, сазгер, ақын Шолпан Жанболатқызының шығармашылығын насихаттауға арналған, сырнаймен ән салушы қыз-келіншектер байқауына Алматы, Астана, Қызылорда қаласынан және Сыр өңірі аудандарынан талапкерлер қатысқан еді.
Шиелінің ғасырға жуық тойында мұнан да өзге шаралар қамтылды. Аудандық сапаржай маңынан жәрмеңке ұйымдастырылып, стадионда спорттық сайыстар өтті. Той аясында жазушы Оразбек Сәрсенбай атындағы көше де ашылды.
Той көркін қыздырған шараның бірі – ат бәйгесі. Мерейтой аясында ұйымдастырылған тұлпарлар додасы аудандық ипподромда өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсұлтан Әпетов сөз сөйлеп, шабандоздарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғыс айтты.
Бәйгенің басы тай жарысынан басталды. Мұнан соң құнан, сосын аламан бәйгесіне жалғасты. Жан-жақтан кіл мықты шабандоздар бас қосқан бәйгенің жалпы жүлде қоры – 10 млн теңге. Ал аламан бәйгесінің жеңімпазына 3 млн теңге қаржылай сыйақы берілді.
«Сб» тілшілер тобы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<