Бірлікті үндеген елдің көші ілгері

499

0

Сейсенбі, сәрсенбі күндері облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал, Қазалы аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қатысты және тұрғындармен кездесті. Сапар барысы туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі жариялады.

Сапасыз жол қабылданбайды

Аймақ басшысы алдымен «Қызылжар» елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын жөндеу жұмысымен танысты. Бас мердігер «Аван құрылыс» ЖШС жұмысты 2022 жылдың тамыз айында бастаған. Алайда жол сапасы сын көтермейді.

– Өздеріңіз көргендей, сапасы өте нашар. Бұл жобаға мемлекеттің қаражаты бөлінген. Президент қамқорлығының арқасында Сыр өңіріне, оның ішінде Аралға ауқымды қаржы бағытталды. Бірақ жұмыстың нәтижесі – осы, яғни сапасыз жол. Арал ауданының әкімі Серік Сағитжанұлы, мына жолды қабылдамау керек. Осы жерде құқық қорғау органдарының басшылары да бар, заңдылығын тексеруі тиіс. Жұмыс барлық талаптарға сай, адал атқарылғанда ғана сапалы болмақ. Мына жолдың әсіресе, бас жағындағы 5-6 шақырымы ертең көктемде-ақ сыр береді. Сондықтан бұл жол қайтадан жасалған соң ғана қабылданады, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі қажет болса, жол құрылысының басына арнайы зертхана әкеліп, жұмыс сапасын сараптамадан өткізуді, оған мамандарды тартуды тапсырды. Сол кезде кемшіліктер дәлелденіп, ашып көрсетіледі.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Нысан таяу арада пайдалануға берілмек. Ғимарат ішінде дәріхана, оқшаулау бөлмесі, зертхана, физиотерапиялық емдеу бөлмесі, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті, егу бөлмесі қарастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Еске салайық, өңірде ұлттық жоба аясында 27 медицина мекемесінің құрылысы салынуда. Аймақ басшысы мердігерге жұмысты сапалы жүргізіп, нысанды уақытылы ел игілігіне табыстау міндетін жүктеді.

Осы нысанда аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өңірде, Арал ауданында атқарылған жұмыстарды, алдағы жоспарлар туралы айтты.

КӘСІПКЕР  БАЛАБАҚША САЛДЫ

Қызылорда облысының 85, Арал ауданының 95 жылдығы аясында Қамыстыбас ауылдық округінде 130 орындық балабақша ашылды.

Жаңа нысанның ашылу рәсімінде облыс әкімі жерлестерін қос мерекемен құттықтады.

– Президент өз сөзінде: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы, бұл – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Аралда балабақша салуда кәсіпкерлер аса белсенді. Өткен жылы кәсіпкерлердің бастамасымен 4 жеке балабақша пайдалануға берілсе, биыл да бұл жұмыс жалғасын табуда. Бүгін – кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналар үшін қуанышты күн. Осы ауылдың тұрғыны, жеке кәсіпкер Азат Балмырзаева өз қаржысына 130 орындық заманауи жабдықталған балабақша салды. Туған жерді түлетуге үлес қосқан кәсіпкерге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұл орталықтан талантты, дарынды, елдің ертеңі болатын жас ұрпақтың тәрбиеленіп шығатынына сенемін, – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада ауыл ардагері Аманкелді Есенбаев жиналғандарға ақ батасын берді.

Нұрлыбек Машбекұлы балабақшаны аралап көрген соң ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Еске салсақ, өткен жылы Арал ауданының Тоқабай, Жақсықылыш, Бөген ауылдары мен Арал қаласында жаңа балабақшалар салынды. Ал бүгін бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан тәрбие ұясы – осы ауылдағы алғашқы балабақша. Мекемеде 41 адам жұмыспен қамтылады.

Биыл облыстағы 4 мектептің 1850 орындық қосымша ғимараттары және 5 мектеп пайдалануға берілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 21 мектептің 10-ның құрылысы басталуда, қалғаны алдағы жылға жоспарланған. Сонымен қатар облыс орталығында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат пен Оқушылар үйі салынуда.  

Мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын 680 ұйымға 54 мыңнан астам бала барады. Өңірде 2-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 89 пайызды құрайды.

Биыл 1 қыркүйектен бері мемлекеттік және жеке балабақшаларда қызмет ететін 6395 тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты.

БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Арал қаласында бой көтерген екі пәтерлік 50 тұрғын үйде қоныс тойы тойланды.

– Халықты баспанамен қамту – мемлекет үшін басым бағыттың бірі. Жыл сайын аймақта тұрғын үй көлемі артуда. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында былтыр 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 692,3 мың шаршы метр баспана табысталмақ. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Жақында Жаңақорған ауданында 50 отбасыға баспана кілті берілсе, Арал ауданында да 100 отбасы баспана қуанышына кенеледі. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі, – деді аймақ басшысы салтанатты сәтте.

Баспана тапсыру рәсімінде Арал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Құлмырзаев бата берді. Мердігер мекеменің 4 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Жаңа үйлер қараша айында толық пайдалануға берілмек.

ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ЖАН-ЖАҚТЫ МӘСЕЛЕ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Арал ауданының тұрғындарын жеке қабылдады.

Аудандық Оқушылар үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасынан бастап барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 70-тен астам азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкімі екі сағатқа жуық уақытта барлық азаматтардың өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.  Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқсу, қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.

Барлық сауал сала мамандарымен бірге мұқият зерделеніп, заңдылығына қарай шешім қабылданатыны айтылды. Жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берілді.

«Өзім көпбалалы анамын. 4 жасар қызым туғалы бері ДЦП ауруымен ауырады. Қызымның денсаулығына қатысты мәселемен облыс басшысының қабылдауына жазылдым. Бүгінде ауданымызда арнаулы орталық болмаған соң, Қызылорда қаласына қайта-қайта қатынау бізге қиындық тудырып отыр. Сол себепті екі ауданға ортақ  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын Арал қаласынан салып беру туралы өтінішімді жеткіздім. Міне, бүгінгі кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы орталықты келесі жылы ашуды қолға алатынын айтып қуантты. Түйткілді мәселемнің шешілуіне қолдау көрсеткен аймақ басшысына шынайы алғысымды білдіремін», – дейді қабылдауға келген аудан тұрғыны Гүлмира Бәйменова.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»: ТАҒЫ БІР БІЛІМ ОШАҒЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Арал ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 300 орындық мектептің құрылысы басталды.

Облыс әкімі білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін қос мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Соның төртеуі Арал ауданында бой көтереді. Өткен аптада Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласында, бүгін міне, Арал ауданында білім ошақтарының құрылысын бастадық. Бүгінгі шара – интеллектуал ұлт қалыптастыру жолындағы ортақ ісіміздің жалғасы. 300 орындық білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай. Ұлтымыздың дамуында маңызды рөл атқаратын бұл жобаның басы-қасында жүрген азаматтарға ісіне жауапкершілікпен қарап, құрылысты сапалы жүргізуді халық атынан аманаттаймын, – деді аймақ басшысы.

Құрылыс алаңында білім саласының ардагері Аманжол Жолмағанбетов бата берді.

Айта кетейік, биыл облыста 4 мектепке 1850 орындық қосымша ғимарат, 5 мектеп пайдалануға берілуде. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7,9 млрд теңге болатын физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана «Оқушылар үйі» болса,  биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен  2,5 млрд теңгеге  350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды. Оған қоса «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 4,8 млрд теңгеге  музыкалық колледждің жаңа  ғимараты салынады.

ТЕҢІЗ ҰЛТАНЫН САУЫҚТЫРУ ҚАМЫ

Арал ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысып, жуырда қайта жаңғыртудан өткен «Балықшылар аллеясына»  аялдады.

Аймақ басшысы Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне барып, қоршаған ортаны ұшқан тұз бен құм көшкінінен қорғауға бағытталған жұмыстарды көрді.

Бүгінде Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 1,1 млн гектарына фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жөніндегі тапсырмасы өз деңгейінде жүзеге асуда. Сонымен қатар,  құрғаған ұлтанға орман өсіруге басқа елдерден донорлар тарту бағытында да тиісті шаралар жалғасуда.

«Балықшылар аллеясы» Арал ауданының 95 жылдығы аясында қайта жаңғыртылған. Аумағына жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарықшамдар қойылып, шамшырақ (маяк) және шаңырақ іспетті арнайы арка орнатылды. Бұл аллея Арал қаласы тұрғындарының мерекелік шараларда бас қосатын, демалыс уақытын өткізетін саябақ болады деп жоспарлануда.

Тұрғын үй – тұрмыс тірегі

Облыс пен бірнеше ауданның құрылу тарихындағы атаулы жылдың ауқымды іс-шаралары әлі де жалғасуда. Бұл ретте кеше Қазалы ауданында 50 отбасы баспаналы болды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пәтер иелеріне кілт табыстау рәсіміне қатысып, жерлестерін құттықтады.

– Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен болатын. Облыста халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1000 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 400 пәтері аудандарға тиесілі. Міне, бүгін қазалылық 50 отбасы өз баспанасына кіріп, қоныс тойын тойлайды. Бұл – мемлекеттің тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарының жемісі. Жаңа баспаналарыңыз ұядай жылы, берекелі болсын! – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосовқа ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Алғыс хатын табыстады. Рәсімде Қазалы ауданының Құрметті азаматы Оразғали Бекбанов жаңа қоныс иелері мен жиналғандарға  ақ батасын берді. Мердігер мекеменің 5 қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, аймақта тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артуда. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында былтыр 683,2 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл 692,3 мың шаршы метр баспана табыстау көзделген. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ЖӘНЕ БІР БАСТАМАСЫ

Сонымен Қазалы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Облыс әкімі білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен біздің облыста 12300 орындық 21 мектеп салынса, оның екеуі Қазалы ауданында бой көтереді. Біз бұған дейін Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Арал аудандарында «Жайлы мектептердің» іргетасын қаладық. Бүгін міне, Қазалы ауданындағы құрылысты бастаймыз. Жайлы мектептерде жас ұрпағымыз зейінді, білімді, зерек шәкірт болып қалыптассын! – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бұл білім ошағы апатты жағдайдағы мектептің орнына салынады. Сонымен Қазалы ауданындағы апатты мектепке қатысты мәселе түпкілікті шешімін табады.

Құрылыс алаңында Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов аудан тұрғындарын құттықтап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожас Медеубай бата берді.

АШЫҚТЫҚ – БАСТЫ ҰСТАНЫМ

Жеке қабылдаудың басты ұстанымы – ашықтық, соған сай жазылушылар, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптарын алды, маман кеңестерін тыңдады. 50-ден астам азамат өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қазалы ауданында да тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқсу, қоғамдық көлік мәселелері көтерілді. 

Аймақ басшысы келушілерді тыңдап, олардың сауалдарын мамандар жан-жақты зерттейтінін айтты.  Кез келген мәселе заңдылығына қарай шешімін табады. Ол үшін облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына міндеттер жүктеді.

«Ақсуат ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Осы кездесуге халықтың аманатын арқалап келіп, облыс әкімінен ауылымызға табиғи газ жүргізуді сұрадым. Бұл мәселе өзінің бақылауында болатынын жеткізді» дейді ардагер Қуаныш  Ырзаханұлы.

Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындардың мәселелері қаралып, реттілігіне қарай шешімін тапты.

Суреттерді түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<