Сейсенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс 24-сессиясы өтті. Сессияға облыстық мәслихат депутаты, экономика қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Талғат Жақыпбаев төрағалық етті. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды.
Былтыр облыстың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша өсім қалыптасты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі көлемі 5,6 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға, инвестиция тарту 26,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрфғын үйлер көлемі 3,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,6 пайызға және сауда көлемі 2,3 пайызға артты.
Сессияда 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай хабарлама жасады. Хабарламада аталған жылдарға арналған облыстық бюджетті 6,8 млрд теңгеге алғашқы нақтылау мәселесі жан-жақты сараланды. Нақтылау барысында облыстық бюджеттің өз кірістерін 3,5 млрд теңгеге ұлғайту, сондай-ақ бірқатар бюджеттік бағдарлама әкімшілері оңтайландырған 1,5 млрд теңгені қайта бағыттау жоспарланған. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыстық бюджет қаражаты қалдықтарының қайта бөлуге жататын 1,8 млрд теңгесі қайта бағытталуда.
Бұл қаражат есебінен «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы арқылы өңір жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдауға 5 пайыздық мөлшерлемемен 100 отбасыға тұрғын үй сатып алу үшін несие беруге 1,2 млрд теңге бөлінбек. Ауылдардың әлеуетін арттыру, елді мекендерді көркейту, қолдау үшін «Үлгілі елді мекен» іс-шарасында жеңімпаз атанған елді мекенді ынталандыру шығындарына 467,4 млн теңге бағытталмақ.
Айта кетейік, «Сыр жастары» бағдарламасы жөнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық жастар форумында жариялады. Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы Қызылорда облысында кейінгі 2 жылда тіркеуде тұрған азаматтар қатыса алады. Жеңілдетілген несие 19 жылға 5% үстемемен «Отбасы банк» арқылы беріледі, қатысушының банкте үйдің бағасының 10%-ын құрайтын салымы болса жеткілікті. Бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, журналистика саласының мамандары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банк қызметкерлері, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер қатыса алады.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласы аумағында көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер құрылысының дамуын, кәсіпорындар өндірісінің кеңеюін, шағын және орта бизнестің дамуын ескере отырып, облыс орталығы тұтынушыларын үздіксіз сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін электр жүйесін жаңғыртуға және дамытуға 1,6 млрд теңге бөлу ұсынылды.
Еске салсақ, облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі электр қуатымен жабдықтау нысандарын тексеруге комиссия құрылып, бірінші кезекте қаржы талап ететін нысандар бойынша ұсыныс берілген болатын. Комиссия жұмысының нәтижесімен әзірленген ұсыныстар мәслихат сессиясының қарауына беріліп, кезек күттірмейтін нысандарды жөндеу немесе ауыстыруға қаржы қаралды.
Мұнан бөлек, «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің материалдық-техникалық базасының төмендігінен облыс орталығының санитарлық тазалығын уақытылы қамтамасыз етуде қиындықтар туындағанын ескере отырып, халыққа дер кезінде сапалы коммуналдық қызмет көрсетуге арнайы техника алу үшін 992,8 млн теңге, Қызылорда қаласында салынатын 7 мың орындық стадион құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 59,7 млн теңге, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын полиция қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына үстемеақы төлеуге 368,1 млн теңге және медициналық ұйымдарды медициналық-техникалық қамтамасыз етуге қосымша 472,1 млн теңге қарау ұсынылды.
Сессияға дейінгі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттар бірқатар мәселелер көтеріп, сауалдарын қойған еді. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов қатысты. Депутат І.Тілеп мектептер мен әлеуметтік нысандарды жылыумен қамтуда жанармайдың, яғни, сұйық отынның жеткіліксіз екенін айтып, оны шешуде жергілікті операторлармен келісімге келуді ұсынды. Ал депутат С.Биқожа «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын іске асыруда жастар ақпараттық сервисін құру қажеттігін айтып, қаржы бөлуді сұрады. Депутат А.Әбибуллаева созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастар үшін өмірлік маңызы зор құрылғыға алдыңғы сессияларда қаржы сұралып, қолдау тапқанымен, әлі күнге дейін бағасының қымбаттап кетуіне байланысты алынбағанын айтып, осы мәселені түбегейлі шешуді сұрады.
Жиында «Сыр жастары» облыс жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова хабарлама жасады.
Жалпы бағдарламаның мақсаты – өңір жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру, тұрғын үй құрылысын ынталандырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу. Барлық қаржыландыру көздері есебінен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің нысаналы индикаторын қалыптастыру және жыл сайынғы тұрғын үй беру көлемін ұлғайту да – бағдарламаның негізгі мақсаты. Бүгінде облыс жастарының саны – 176985. Бұл аймақ халқының 21,4%-ын құрайды. Экономикалық белсенді жастардың саны – 76687 адам. Бағдарлама ережесіне сай қарыздың ең жоғары сомасы 13-18 млн теңгеге дейін.
Сессияда күн тәртібіндегі басқа да мәселелер қаралды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<