Бүгін қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады.
Дінмұхамед Жандарбекұлы аралау жұмыстарын еуропалық үлгідегі темір-бетоннан жасалатын «Еурозабор» өндіріс орнынан бастады. Аталмыш кәсіпорын тапсырысқа сәйкес, заманауи үлгідегі еуроқақпалар шығаруда. Өндірісті жолға қойған Гүлзат Әбілова өткен жылы «Еурозабор» жобасын әзірлеп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп, арнайы қалыпқа салып әзірленетін еурозабордың 600-800 метрін тапсырыс берушіге өткізген. Жұмыс ауқымы кеңейгесін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 6 пайыздық несиелендіру бойынша «Құрылысқа қажетті темір торлар шығару үшін қажетті құрал-жабдықтар салып алу» жобасын ұсынып, 13 млн. теңге қаражатқа ие болды. Қазір қытайлық компаниялармен келісім-шарт арқылы құрал-жабдықтарды алдыртуда. Қала әкімінің орынбасары кәсіпкерге бұл бағыттағы қызметіне ризашылығын білдіріп, берекелі ісіне сәттілік тіледі. Айта кету керек, өндіріс орнында 6 адам еңбек етуде.
Дінмұхамед Жандарбекұлы «Ади мебель» кәсіпкерлік нысанына да барды. Мұнда жиһаздар шығарылады. Кәсіп иесі Мақсат Жұмадуллаұлы бұл кәсіппен 2020 жылдан бастап айнылысуда. Сол жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы «Жиһаз цехын кеңейту үшін құрал-жабдықтар алу» жобасын ұсынып, 5 млн.теңгеге қаржылай қолдауға ие болған. Ал, 2021-2022 жылдар аралығында кәсібін кеңейту мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы «Өндірістік алаң сатып алуға және құрал-жабдықтар алуға» 30 млн.теңге несие алған. Бүгінгі күні 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер тұрғындардың сұранысына сәйкес түрлі жиһаздар жасауда. Өндіріс егесі Мақсат Жұмадуллаұлы мемлекет тарапынан жасалынған қолдауға алғысын айтып, өндірісін кеңейтуге жоспар жасап жатқандығын жеткізді.
Қала әкімінің орынбасары раковина өнімдерін шығаратын «Nomad» цехына жол жүрді. Әрбір үйге аса қажетті дүниені дайындап отырған жас кәсіпкер Бауыржан Қамзаев мәрмар тастан ыдыс жуғыш жасаудың қыр-сырын үйреніп, осы бағытта «Жасанды мәрмәр тастан раковина өнімдерін шығару» жобасын жасаған. Жоба қолдауға ие болып, 5 миллион теңге грант жеңіп алған. Қаржыға керек қондырғыларын сатып алып, кәсібін бастаған. Бүгінде 3 отбасыны жұмыспен қамтып отырған ол мәрмар тасты раковинаның 12 түрін жасап, ішкі нарыққа шығарып отыр. Дінмұхамед Жандарбекұлы өндірісті ұлғайту үшін қажетті қолдаулар болатындығын айтып, кәсіпкердің ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Қала әкімінің орынбасары танысқан келесі нысан – «CK AYA-ZHAN» ЖШС-гі. Мекеме 2019 жылдан бастап пенопласт және полистирол бетон өндірісімен айналысып келеді. 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен, яғни «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 10 млн. теңгеге қолдау алып, шикізат сатып алған. Цехта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайды. Мұнда 20 адам жұмыс істейді.
Қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Жандарбекұлы өз кәсібі арқылы аймағымыздың дамуына үлесін қосып жүрген кәсіп иелерінің жұмысына сәттілік тілеп, жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<