Бірқатар мәселелер талқыланды

609

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлы Еңбекші, Жиделіарық, Жуантөбе, Бестам, Телікөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, 3 ай бұрын айтылған мәселелердің шешу барысын баян етті.

Кездесуге ауыл тұрғындары, ауылдың абыз ақсақалдары, сондай-ақ Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев, аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров пен бірқатар мекеме басшылары қатысты.

Еңбекші ауылдық округінде өткен кездесуде, аудан әкімі ауыл тұрғындыры тарапынан көтерілген Қосүйеңкі елді мекеніне ауызсу жүргізу мәселесі бойынша аудандық жауапты бөлім тарапынан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына құны 211 млн теңге болатын бюджеттік өтінім жолданғанын, ал 2*2*2 каналын қазу мәселесіне келер болсақ «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының теңгеріміндегі бұл каналды қазу үшін үнемделген қаржы есебінен 27 млн теңге бөлініп, 3 шақырым канал бойы қазылған. Учаскелік полиция инспекторының ауылда тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін учаскелік полиция инспекторы болып полиция майоры Тоқтарбай Дулатов бекітіліп, тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Жиделіарық ауылдық округіне келер болсақ, мұнда бірнеше ай бұрын өткен кездесуде тұрғындар тарапынан жаңадан салынған мәдениет үйін пайдалануға беру, медициналық пунктке қосымша бөлме қосу, егістік жерлердің айналасында қазылған орларды бекіту мәселелері айтылған болатын. Тоқсан ішінде олардың барлығы дерлік өз шешімін тауып та үлгерді. Мәселен, мәдениет үйінің құрылысы қазір толық аяқталып, ғимарат іші біраз құрал-жабдықтармен толыққан. Жақын арада ел игілігіне пайдалануға беріледі. Ал медициналық пунктке келер болсақ, келер жылы кәсіпкерлер көмегімен қосымша бөлме қосу қарастырылған. Егістік алқаптарының айналасындағы орлар да көміліп, мал жайылымы мәселесі де толық шешілген.

Жуантөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі өткен кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге тоқталып, шешімін тапқан мәселелерді атап өтті.

Тұрғындар тарапынан көтерілген алғашқы мәселе интернет желісінің жылдамдығына қатысты болатын. Бұл мәселені шешу үшін жуырда Жуантөбеде «Activ» байланыс қондырғысы орнатылып, интернет байланысы тұрақтанған. Сонымен қатар, «Beeline» байланыс құрылғысын орнатуға жер телімі белгіленіп, биіктігі 22 метр болатын арнайы мұнараны жеке кәсіпкер Еркін Асанбаев жасатуда. Аяқ су жүретін жолдарды тазалау жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп, шаруа қожалық төрағаларының демеушілігімен Жуантөбе, Бестам, Телікөл а/о аяқ су кіретін каналдарға арнайы бөгет орнатылып, су жолдары тазартылған. Ал егістік жерлердің айналасындағы қазылған орлар көміліп, жайылымдық жерлер ашылды. Мұның барлығы ауыл тұрғындары көтеріп, шешімін тапқан мәселелер болатын.

Бестам ауылдық округінде өткен кездесуде де өткен тоқсандық жиында айтылған мәселелердің шешілу барысына мән берілді. Атап айтар болсақ, елді мекендегі ветеринарлық пунктке тазалықшы штатын қарастыру, Ә.Әбуов көшесінің электр бағаналары мен сымдарын ауыстыру, Тоғызбаев пен 4 қиылыс көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу және жайылымдық жер мен пада ұйымдастыру мәселелері. Алғашқысы бойынша ветеринариялық пунктке аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қоғамдық жұмысқа тазалықшы алынып отыр. Ал Ә.Әбуов көшесінің электр сымдары мен бағаналары КРЭК мекемесінің күшімен ауыстырылуда. Сондай-ақ, көшелерге жаяу жүргіншілер жолуын салу үшін жауапты бөлімге өтінім берлісе, мал жайылымдық жерлер қожалық төрағаларымен келісімге келу арқылы, пада ұйымдастыру мәселесі ауыл әкімінің ұйымдастыруы арқылы шешілген.

Телікөл ауылдық округіндегі кездесуге тоқталар болсақ, аудан әкімі өткен жиында айтылған бірнеше маңызды мәселенің жауабын берді. Мәселен, елді мекендегі учаскелік полицейдің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін аудандық ішкі істер бөлімі қызметкері, ауыл тұрғыны А.Сикеров учаскелік инспектор болып бекітілген. Ал елді мекенге жаңадан дәрігерлік амбулатория салу үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 8 елді мекен жобаға енгізілген. Соның бірі Телікөл ауылдық округі. Тұрғындар көтерген пада ұйымдастыру мәселесі де көктемде шешімін табады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<