Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады.
Кездесу барысында Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы және әскердің жауынгерлік дайындығына қатысты жаңа тәсілдер, оқу базасы мен полигондардың жай-күйі туралы баяндалды.
Сонымен қатар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау мәселесіне, ұшқышсыз ұшатын ұшақ кешендерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қару-жарағын, жаңғыртылған бронды техника мен байланыс құралдарын қоса алғанда, авиациялық техниканың жаңа үлгілерімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Президентке азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру барысы, әскери қызметшілердің мәртебесі мен оларға берілетін ақшалай қаражатты арттыруға бағытталған шаралар туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында жүзеге асырылатын миссияларға қатысу үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрге отандық қорғаныс бағытындағы кәсіпорындармен ықпалдастық жасау, аумақтық қорғанысты және Арнайы операцияларға қатысатын күштерді дамыту, әскери-патриоттық жұмысты күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
***
Сондай-ақ Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады.
Мемлекет басшысына облыстың биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі туралы мәлімет берілді. Президентке берілген ақпаратқа сәйкес, осы жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 4,4 триллион теңге болады деген болжам жасалып отыр.
Қазіргі таңда инвестициялық жобалардың жалпыұлттық құрамына аймақтан құны 1,1 триллион теңге болатын 42 жоба кірген. Биыл сомасы 77 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде 37 ірі жоба орындалады. Оларға салынатын инвестиция мөлшері – 236,4 миллиард теңге.
Қазақстанда алғаш рет жылына 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеу әдісі енгізіліп жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Атап айтқанда, осы бағыттағы жобаларға 22 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар Президентке 2024 жыл облыста Жол жылы деп жарияланғаны туралы айтылды. Жолдарды жөндеуге және салуға бөлінетін қаржыны екі есе ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы 600 шақырым жолды және көшелерді жөндеу жоспарланған.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Риддер жылу-электр орталығында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 6 қазандық агрегаты жөнделді. Бүгінде Риддер тұрғындары жылумен қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, кездесуде шекара маңынан Марқакөл және Катонқарағай атты екі жаңа аудан құру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру маңызды екенін атап өтіп, Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<