Бірқатар ұсыныс қолдау тапты

300

0

Сәрсенбіде облыстық мәслихаттың кезекті XVII сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов қатысты.

Күн тәртібінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының есебі тыңдалды, сонымен қатар облыс азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін шарттар мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану, облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, азаматтық қызметшілер және ауылдық жерде жұмыс істейтін мәдениет саласындағы мамандар лауазымының тізбесін айқындау, жалпы 9 мәселе қаралды.

Сессия отырысы ұзаққа созылған жоқ. Себебі күн тәртібіндегі мәселелер тұрақты комиссиялар отырыстарында жан-жақты талқыланды. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында да қаралып, депутаттар сауалдарына  жауап берілді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов өз есебінде атқарылған жұмыстарды саралады.

Өткен жылдың қорытындысымен өмір сүрудің орташа ұзақтығы 75,10 жасқа жеткен. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші бір деңгейде. Осы мерзімде ана өлімі тіркелмеген. Сәби өлімі көрсеткішінің нысаналы индикаторы – 8,2. Биылғы 1 қаңтарда облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 816 476 тұрғын тіркелген. Оларға 25 стационарлық, 26 амбулаториялық-емханалық, 100 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік бекет, 97 медициналық бекет қызмет көрсетеді, 2518 дәрігер, 9988 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

Былтыр медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 88 млн теңге бөлініп, 590 дәрігер, 738 орта буын маман білімін жетілдірген. Биыл  144,9 млн теңге бөлініп, отандық және шетелдік жетекші клиникаларда оқып келді.

Былтыр 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Оның  17-сі аяқталған. Ал биыл 20 нысан салынуда. Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Оңалту орталығының тағы бірі жыл соңына дейін Аралдағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында ашылады деп жоспарланған.

Былтыр денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 5,1 млрд теңге қаржы қаралды. Жабдықталу деңгейі 84 пайыздан 87,10 пайызға көтерілген. Биыл бұл мақсатқа 4,5 млрд теңге бөлінген.

Күн тәртібіндегі облыстық бюджетке өзгерістер енгізу бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков депутаттар сауалына байланысты хабарлама жасады.

–    Жалпы 65 ұсыныс-пікір түсті. Соның  36-сына қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Қ.Мүбараков қолдау тапқан ұсыныстар туралы айтып өтті. Сессияда күн тәртібіндегі мәселер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<