Бірқатар ұсыныс қолдау тапты

277

0

Сейсенбіде облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовтің төрағалығымен мәслихаттың кезектен тыс ХХІІ сессиясы өтіп, күн тәртібінде жеті мәселе қаралды.

«2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу  бо­йынша облыстық экономика және қаржы бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Фарида Аббасова хабарлама жасап, сессия алдында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттар тарапынан қойылған сауалдардың ішінде қолдау тапқандарына тоқталып өтті. Жалпы депутаттар тарапынан  33 ұсыныс түсіп,  оның 16-сы қолдау тапты.

Айта кету керек, сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтіп, онда күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты қаралған болатын.  Депутаттар  қойған сауалдарға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова және тиісті басқарма басшылары  нақты әрі егжей-тегжейлі жауап берді. Одан бөлек, «Қызылорда қаласының сыртқы жарықтандыру жүйелерін реконструкциялау, қызмет көрсету және күтіп-ұстау» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба­сы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабыл­дау, «Қызылорда қаласының кейбір құрам­дас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы», «Қызылорда қаласында жер учаскелері жекеменшікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкасын белгілеу туралы», «Қызылорда облысының аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелері жекеменшікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу туралы» шешіміне өзгеріс, «Қызылорда облысы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру» және  «Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы» шешіміне толықтыру енгізу  мәселелері талқыланды.

Мәселен, қаланың кейбір құрамдас бөлігіне атау беру және қайта атауға орай Сайыпназар ахун тұйық көшесін Қалмағанбет Оспанов есімімен, Яссауи-6 тұйық көшесін Мәди Кереев есімімен қайта атау және «Бәйтерек» шағын ауданындағы атауы жоқ көшеге Дүкенбай Досжан есімін беру туралы ұсыныс қойылды.

Күн тәртібіне шығарылған  мәселелер бойын­ша депу­таттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.

«СБ» ақпарат