Бірыңғай есеп беру – игі бастама

352

0

Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдындағы бірыңғай есеп беру күнін өткізу қағидалары бекітілген болатын. Президент қоғамның барлық саласында ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету, адал бәсекелестікті қалыптастыру, салық заңнамасын жетілдіру және кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру сынды маңызды жұмыстарды жүйелеуді тапсырған еді.

Озық елдердің тәжірибесімен бизнес қауымдастық пен ресми билік ашық диалогқа түсіп, қордаланған мәселелерді бірлесе шешудің жолын тауып отыр. Бақылау-қадағалау органдарының бизнес өкілдері алдында бірыңғай есеп беруі – сондай игілікті бастаманың бірі.

Осыған орай, облыс әкімдігінде бақылау-қадағалау органдары бизнес өкілдері алдында есеп берді.  Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов және құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын органдар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдері қатысты. Сонымен қатар, ZOOM бейнебайланысы арқылы қала және аудан әкімдіктері, кәсіпкерлер қосылды.

Кездесуде кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар жайында өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық есеп берді.

– Жалпы мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүзеге асыратын тексерулерді тіркеудің негізгі көрсеткіштері туралы өткен жартыжылдыққа талдау жасайтын болсақ, құқықтық статистика органдарында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 326 тексеру тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 49%-ға төмен. Құзырлы мемлекеттік органдардың  жүргізген тексерулері бойынша есептері, қадағалау және бақылау қызметтері туралы мәлімет бірде-бір жергілікті атқарушы және орталық органдардың сайттарында орналастырмаған. Мәлімет болғанның өзінде, талдаусыз,  тек құрғақ статистикамен шектелген. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде  жиі кездесетін заң бұзушылықтар туралы  ақпарат, оларға қатысты талдаулар  жоқтың қасы. Кәсіпкерлерді талдау ақпараттарымен қамтамасыз ету бизнес тарапынан алдағы уақытта орын алуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алуға себеп болар еді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл сайынғы өткізілетін бірыңғай есеп беру күнінде бұған қатысты өз ұсыныстарын жеткізіп келеді. Алайда, жағдай өзгеріссіз, ұсыныстар ескерусіз қалып отыр, – деді П.Сыздық.

Мұнан соң облыстық бақылау жөніндегі басқарманың басшысы Ғанижан Қалиев, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Жанмұрат  Балғабаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова және облыс бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Садықов есеп берді.

Бұл кездесу кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнес-қауымдастықпен кері байланысын қалыптастыруға көмектеседі. Кейінгі жылдары бизнесті қолдау мақсатында көптеген бастамалар іске асырылды. Заңнамалық деңгейде реттеушілік және бақылау-қадағалау тетіктерін жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылданды.

Басқосуда бизнес өкілдері мемлекеттік орган басшыларына ұсыныс-пікірлерін айтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізді. Кездесу сұрақ-жауапқа ұласып, кәсіпкерлер толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<