Бітімгерлік – бұқараның пайдасы

527

0

Медиация – сот жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, талап-арыз беруші мен жауапкердің де уақытын үнемдеуге септесетін, бір сөзбен айтқанда бітімге келудегі бірегей құрылым. Аймақта сот ісі тиімділігін арттыру, медиаторлықты жандандыру мақсатында «Сотсыз татуласу орталығы» жұмысын қайта бастады.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қоғамдағы дау-дамай деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасын ұсынған. Жоба дауларды сотқа дейін шешу институтын жетілдіруге бағытталған. Жалпы облыс көлемінде кәсіби және қоғамдық медиаторлардың саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде олардың саны мыңға жуықтаған. Ал облыс орталығындағы «Достық үйінде» 2016 жылдан бастап Медиация кабинеті жұмыс істеуде. Этномедиация бағытында 45 медиатормен әріптестік байланыс орнатылған.

Облыс басшысының қолдауымен қайта жандандырылған орталықтың таныстырылымында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова медиация саласының қоғамдағы маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту, бұл ретте мемлекеттік саясатты жетілдіруді тапсырғанын атап өтті.

«Бітім» медиация орталығы» қоғамдық бірлестігі үйлестіретін татуласу орталығы тұрғындарға дау-жанжалдарды бітімгершілік рәсімде шешуге мүмкіндік береді. Тараптардың татуласуына, сенімді диалог пен өзара тиімді шешімдер қабылдауына ықпал етеді.

Орталықтың сотқа дейінгі келісім жасау арқылы соттардың жүктемесін азайтуда, медиациялық көмекке жүгінетін тұрғындардың үлесін арттыруда маңызы зор.

Мұнда тұрақты негізде кәсіби медиаторлар, психолог мамандар жұмыс жасайды. Олар облыс тұрғындарына құқықтық, өмірлік қиын жағдайда қалған тұрғындарға психологиялық кеңес береді.

Сондай-ақ, медиатор таңдау, татуласу рәсімдерін өткізу мен келісім-шарт жасауға дейінгі тиісті қызметтер көрсету арқылы келіспеушіліктердің тез және оңтайлы шешілуін қамтамасыз етеді.

Мекемелер мен кәсіпорындардағы заңгерлерге оқыту курстары қарастырылған. Бұл кейінгі кезде белең алған өндірістік мекемелердегі еңбек дауларын алдын алуға, қызметкердің құқықтық сауаттылығын жетілдіруге жол ашады.

Орталық жетекшісі Жанна Мейрамбекқызының мәлімдеуінше, даулардың көпшілігі еңбек, неке-отбасы, тұрғын үйге қатысты.

Білуімізше, дамыған елдерде азаматтық және қылмыстық істің 70%-і медиация арқылы шешіледі екен. Демек, татуласу орталығының қызметі халық арасындағы сан түрлі кикілжіңнің жолын кесіп, ымыраға келуіне үлкен дәнекер болмақ. Бұл әрине, құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал етіп, соттың жүгін жеңілдетеді. Онда медиаторлар, адвокаттар, нотариустар, психологтар, сот орындаушылары көмек көрсетеді.

Орталық міндетіне сай, қала, аудандарда кәсіби және қоғамдық медиаторларға көшпелі семинарлар ұйымдастырылып, елді мекендерде азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықтық кеңес беріледі.

Атап өту керек, жоба бойынша ұсынылатын барлық қызметтер тұрғындарға тегін.

Шынар Бекбан,

«Сыр бойы»