Биыл 231 көше жөнделді

525

0

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Қаламыздың жол-инфрақұрылымын дамыту бағытында өткен жылы 49 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, ұзындығы 3,9 шақырым болатын Қойсары батыр көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ал, биылғы жылы бұл бағыттағы іргелі істер қатары ұлғайып, бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы 10 млрд, 246 млн теңгеге 231 көше жөндеуден өткізілмек. Сонымен қатар, 690 млн теңгеге 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынбақ.

– Тұрғындар арасында жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – көпірлер құрылысы бойынша биыл ауқымды жобалар жүзеге асатын болады. Атап айтқанда, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына 320,6 млн теңге бөлінді. Ал, өткен жылы басталған көпірлер құрылысын аяқтауға, яғни, Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» шағын ауданына көлік пен жаяу жүргіншілерге арналған және Белкөл кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысын аяқтауға 476 млн теңге қаралып отыр, – деді бөлім басшысы.

Ал көркейту-көгалдандыру бағытында өткен жылы қаланы Сырдария өзенінен тәуелсіз аяқ сумен қамтамасыз ету үшін қала және қалаға қарасты ауылдық округтерде 31 дана техникалық аяқ су ұңғымаларын орнату жұмыстары жүргізілген болатын. Техникалық ұңғыманың 11 данасы қалаға, ал қалғаны кент және ауылдық округтерде орнатылды. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауынан тереңдігі 80 м болатын 2 дана техникалық су жинау ұңғымасы пайдалануға берілді.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<