Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау өтеді

606

0

Сурет ашық дереккөзден

Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел екендігіне назар аудартты.

«Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ, мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын. Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<