Биыл Елбасы тестін 5 млн жуық адам тапсырған

349

0

2018 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін тапсыруға 4 млн 939 мың адам қатысты. Бұл жөнінде бұгінгі Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«2018 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша Салауатты өмір салты орталығымен бірлесіп 28 мыңдай, оның ішінде ауылды жерлерде 15 мыңдай спорттық-бұқаралық іс- шара мен спорттық акциялар өткізілді. Оларға барлығы 3 млн астам адам қатысты. Бұқаралық спорттың маңызды құрамдас бөлігінің бірі – салалық Заңмен енгізілген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін тапсыру болып табылады. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша көрсетілген Тестілерді тапсыруға 4 млн 939 мың адам қатысты. Соның ішінде 74 мың адам Президенттік деңгей нормативтерін, ұлттық деңгейдегі нормативтерді 244 мың адам, бастапқы деңгей нормативтерін 371 мың адам орындады», – деді Мұхамедиұлы.

Министр Елбасының тапсырмасын орындау шеңберінде әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға аса көңіл бөлінетінін айтты. Осы орайда, қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде бұқаралық спорт түрлерінен 791 мыңнан аса оқушы спорттық секция сабақтарымен қамтылған.

«Алайда, бүгінгі күні тек қана спорттық құрылыстың емес, сонымен қатар, ұйымдарда, оқу орындарында, тұрғылықты жері бойынша және бұқаралық демалыс орындарында спорттық мүкәммәл мен құрал-жабдықтың жетіспеушілігі сезіледі. Сіздің тапсырмаңызды орындау мақсатында олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің үлгісінде қолданыстағы облыстық спорт мектеп-интернаттарын сәйкесінше мектеп-интернат-колледждер етіп қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізілді», – деп министр Үкімет басшысына есеп берді.

Оның айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда өңірлердегі 12 мектептің 5-уі қайта құрылымдалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<