Биыл Наурыз мерекесі қалай тойланады?

1767

0

Күн мен түннің теңесіп, жаңа күннің келер басы – Наурыздың табалдырықты аттайтын сәтіне де санаулы күн қалды. Мереке күндері мәдениет үйлері, облыстық театр және музей, кітапхана жұмыс істейді. Өнер ұжымдары қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова айтты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен әзірлеген тұжырымдамалық тәсілдерді негізге ала отырып, Наурызды мерекелеудің облыстық іс-шаралар жоспары әзірленген. Жоспардағы маңызды іс-шаралар 21-23 наурыз аралығында өтеді.

– Облыс көлемінде мейрам құндылықтарын дәріптеуге, насихаттауға арналған дәстүрлі әншілердің онлайн және офлайн форматтағы концерттері, облыс музейлерінде тақырыптық көрмелер жоспарланған. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлерімізді айшықтайтын «Шаңырақтағы салт-дәстүр» облыстық онлайн өнер фестивалі өтеді. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында оқушылар мен жасөспірімдерге ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұғындыру, тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптеу мақсатында батырлық, эпостық жырларды мәнерлеп оқу сайыстары, «Наурыз поштасы» тақырыбымен қарттарды, ардагерлерді құттықтау шаралары ұйымдастырылуда, – деді Мира Әбуова.

Сонымен қатар облыс орталығында «Наурыз» мерекесі аясында 75 мерекелік іс-шара офлайн және онлайн форматта өткізіледі. Брифинг барысында Қызылорда қаласың әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов пандемияға байланысты мереке қаланың орталық алаңында тойланбайтынын атап өтті.

20 наурыз күні А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өткізу жоспарланған. Онда театрландырылған қойылым, тақырыпқа сай көрме өткізіліп, жергілікті өнерпаздар мен «Ақмешіт» фольклорлық ансамбльі тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлайды.

– Аймақтың бас шаһарының көшелері мерекеге сай безендіріледі. Сондай-ақ 300-ге жуық отбасына қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Әлемді шарпыған індет қауіпі әлі сейілген жоқ. Сол себепті мейрамды санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып атап өту бәрімізге міндет, – деді Асқарбек Есжанов.

Карантин талаптарына сәйкес іс-шараларда әлеуметтік қашықтық пен маска тағу тәртібі сақталады. Мерекеге арналған концерттер мәдениет және өнер мекемелерінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен «Сыр шаңырағы» YouTube арнасынан көрсетіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<