Біз ұлттық өнерімізбен де туристерді таңғалдыра аламыз – Роза Рымбаева

355

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанға туристерді тартуды тек насихаттап қана қоймай, қонақтарды да көбірек тартуымыз керек. Бізде өте көркем табиғат бар. Сол үшін эко туризмді барынша дамытуымыз керек. Бұл туралы Kazinform тілшісіне Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанатына келген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева  айтып берді.

«Бізде Қазақстанда әсем, көркем жерлер өте көп. Қазіргі таңда жарқыраған қонақ үйлермен ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Дамыған мемлекеттердің қызығушылығы менің ойымша, экотуризм. Сол үшін нағыз табиғатпен, тазалықпенен туристерді тарту керек. Біздің ең үлкен байлығымыз – таза, көркем табиғатымыз, әсем жерлеріміз, көлдеріміз, тауларымыз. Енді бізде экотуризм бағыты дамыса деймін. Біздің Қазақстанның көркем табиғаты басқа жерде жоқ», – деп атап өтті әнші.

Сонымен бірге қазақтың ұлттық өнері өзге ешқандай елден артық болмаса, кем емес екенін де тілге тиек етті. 

Роза Рымбаева
Фото: Kazinform

«Біздің ұлттық өнеріміз, ұлттық шығармашылығымыз өзге елдерден артық болмаса, кем емес. Дәстүрлі күй, ән-жырымыз, биіміз бар. Біз осы ұлттық өнерімізбен де туристерімізді қызықтырамыз деп ойлаймын. Осы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанатына бір қазақша, бір қытайша ән орындаймын», – деп атап өтті әнші Роза Рымбаева.

Естеріңізге сала кетейік, аталған іс-шарада Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, опера әншісі Зарина Алтынбаева, «Ұлытау» этно-рок тобы, Абай атындағы ҚазҰОБТ хор ұжымы, «Серпер» және «Сазген сазы» ансамбльдерінің шығармашылық ұжымы бастаған 150-ге жуық өнерпаз өнер көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<