Біздің міндет – мәселені шешуге көмектесу

531

0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Қызылорда облысына іс-сапармен келді.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы С.Қожаниязов және А.Қожаназаровтың қатысуымен ауыл шаруашылығы, экология, сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар өкілдерімен «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Жиында судың жетіспеушілігі, күріштің шығымдылығы, көрші мемлекеттермен тәжірибе алмасу және ғылыми тұрғыда сүйемелдейтін кадр мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Өздеріңіз білетіндей, Парламент Мәжілісіндегі «Respublica» фракциясының мүшелері депутаттық сауалында су ресурстарының тапшылығы, суды тұтынудың сенімді есебінің жүргізілмеуі, су шаруашылығы нысандарының тозуы салдарынан суармалы суды тасымалдауда көп шығынға ұшырау мәселелерін айтты. Кейінгі жылдары «Шардара» су қоймасында су жеткіліксіз болғандықтан, Қызылорда облысы үшін су лимиті қысқарған. Мәселен, кейінгі 5 жылда облыста тартылған су көлемі 500 миллион текше метрге азайған. Бұл ауыл шаруашылығы проблемаларының шиеленісуіне, облыс экономикасы үшін жағымсыз салдарларға әкеледі. Ауыл шаруашылығының су ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі де шешуді қажет етеді. Мәселен, Сыр өңірінде 188 мың гектар егістік жер жылына 3 миллиард текше метрге дейін су тұтынса, көршілес Түркістан облысында осынша су көлемі 600 мың гектар жерді қамтамасыз етуге жетеді, – деді Мәжіліс депутаты.

Иә, жыл санап азайған суды жүйелі пайдалану маңызды. Оның айтуынша, цифрландыру құралдары арқылы су ресурстарын есепке алудың бірыңғай жүйесі, сондай-ақ деректерге иелік ететін және су ресурстарын тиімді пайдалану саясатын жүргізетін бірыңғай мемлекеттік орган қажет. Сонда әр облысқа және ауданға қанша мөлшерде су кетіп жатқаны бақылауға болады.

Бұдан бөлек, аймақтағы тағы бір күрделі экологиялық проблема – улы заттардың жиналуына және шоғырлануына ықпал ететін су бассейндерінің ағынсыздығы. Әмудария мен Сырдария өзендері Аралды толтыруды тоқтатқан. Салдарынан теңіз табаны 33 шаршы шақырымға дейін кеуіп, тұз, пестицидтер мен тыңайтқыш қалдықтары желмен ұшып, тозаңға айналуда.

– Сырдарияның жайы жыл санап қиындауда. Ал Арал әлемдік проблемаға айналды. Сарапшылар монокультурадан бас тартып, күріш алқаптарын қайта құру қажеттігін айтуда. Расында осыған әрекет ету керек. Тіпті, мемлекет тарапынан шаруалардың технологияны өзгертіп, басқа дақылдарға ауысуына, жаңа өнімді сату нарығын табуына ықпал етуіміз керек. Біздің мұнда келген мақсатымыз – мемлекеттік органдарды сынау емес, осындай мәселелерді шешуге көмектесу, – деді ол.

Жиында сала мамандары мен шаруашылық басшылары өз ұсыныстарын ортаға салып, ортақ мәселенің шешілуіне жұмыс істейтінін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Сыр өңіріне сапар барысында бірнеше мекеменің жұмысымен танысып, аймақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды да назарға алды.

Әуелі  ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев және «Қызылорда» су торабының қызметкерлерімен кездесіп, аймақтағы су шаруашылығының бүгінгі ахуалымен танысты. Мұнан соң, №4 қалалық емхананы аралап, емдеу мекемелерін қаржыландыру мәселесі, мамандардың жетіспеушілігі, тұрғындардың медициналық қызмет алу кезіндегі кейбір түйткілді мәселелері сараланды.

Сонымен қатар, депутат элиталық күріш тұқымын өндіретін «Мағжан и К» ЖШС күріш өңдеу зауытында болды. Кәсіпорын күріш өндірісінде цифрлық технологияларды қолданып, Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылының еңбекке қабілетті халқының жартысынан астамын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Аталған шаруашылықта биылғы жылы 4000 гектар жерге күріш егіліп, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда да бірыңғай ауылшаруашылық салығы, «утильсбор» жинау, сапалы тұқым өндіру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, судың жетіспеушілігі мәселелері сөз болды.

Мәжіліс депутаты сапар барысында көтерілген мәселелердің назарда болатынын және оның шешу жолдарын Мәжілісте көтеретінін жеткізді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<