Біздің Университет

1011

0

Тарихшылар университеттер мен білім беру орталықтарын ашу идеясы әлемдегі ең танымал «әл-Қарауин» университетінің негізін қалаған Фатима әл-Фихри есімді мұсылман әйелге тиесілі деп санайды. Саудагер Мұхаммед әл-Фихридің қызы Фатима әл-Фихри 859 жылы алғашқы университеттің негізін қалаған мұсылман әйел болған. Гиннестің рекордтар кітабы аталған оқу орнын әлемдегі ең көне және осы кезге дейін үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан университет ретінде таныған.

Фатима әл-Фихридің білім беру орталығын құру тәжірибесі  орта ғасырларда бүкіл әлемге тарап, жоғары білім беру орталығы ретінде дүние жүзіндегі заманауи университеттердің ашылуына жол ашты. Соның дәлелі – 1088 жылы негізі қаланған ең көне еуропалық жоғары оқу ордасы – Болонья университеті.

Университет атауы Европада латынның unіversіtas – жиынтық, жинақ деген  сөзінен бастау алған тарихи-мәдени құбылыс. Алғашында діни пәндерді оқытумен шектеліп, кейін адамзаттың ғылымға бет бұрысына орай  университеттер жаратылыстану, қоғамдық, техникалық, әлеуметтік ғылымдар саласынан кең көлемде жоғары білімді мамандар даярлайтын, көп салалы жоғары оқу орындарына айналған. Университеттерге тән ерекшелік – оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлестіріле жүргізілуі.

Қазіргі таңда ғылым сан қырлы, көп салалы әлеуметтік құбылыс ретінде бүкіл әлемге өзінің орасан ықпалын танытып отыр. Сондықтан болар, ғылыми білім жетістіктерін ұтымды пайдалану, озық технологияларды өндіріске енгізу, білім беру жүйесі мен ғылыми ізденіс, өндіріс салалары арасында өзара тығыз байланыс орнату мәселелерін үйлестіру дамыған елдердің біршама жүзеге асқан әлеуметтік жетістігі болып отыр.

Тәуелсіз Қазақ елі үшін жас мемлекетіміздің өркениетті, дамыған елдермен терезесі тең  болу мәселесі өте өзекті екені белгілі. Ал мұндай үлкен мақсатты еңсеру отандық ғылымды дамытпай, білім беру жүйесін заман талаптарына бейімдемей  жүзеге асыру мүмкін емес екені түсінікті.

Сыр өңірінің республикаға  және алыс-жақын шетелге танымал, ең беделді де белгілі оқу орны – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті биыл өзінің 85 жылдығын атап өтеді. Университетіміздің осы аралықта жеткен жетістіктеріне QS Asia University Rankings – 2022» рейтингінің нәтижесі бойынша университетіміздің Азияның үздік жоғары оқу орындарының қатарына енгені дәлел бола алады.

Университеттің философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы өзінің зияткерлік әлеуетінің мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып, еліміздің өркендеу жолында еңбек етіп келеді.

Философия адамзат ақыл – ойының ерекше түрі ретінде тәрбие мен білімді  ұштастыра отырып, білім алушыларға адамды қоршаған   тұтас дүниенің жалпы формалары мен заңдылықтары туралы жалпы көзқарас ұсынады. Қоғамға қажет саналы азамат болу үшін білім алушы ұлы ойшылдардың адам және қоғам,  тұтас әлем туралы философиялық ілімдерін біліп, ұғынуы тиіс. Білім алушы дүниені тұтас алып қарағандағы құбылыстарды бейнелейтін ұғымдармен жұмыс жасап, өзінің философиялық, теориялық ойлау әдісіне машықтанады, ойлау мәдениетін қалыптастырады. Осы аталған рухани құндылықтарды білім алушының игілігіне айналдыру – философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының басты мақсаты.

Оқытушы, еліміздің азаматы ретінде университетім мен қызмет атқаратын кафедрама ғылым мен білімді, жалпыадамзаттық құндылықтар мен игіліктерді таратып, дамыту жолында жасампаздық тілеймін.

Амангелді ЖАНБАТЫР,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университеті философия және

әлеуметтік-гуманитарлық пәндер

кафедрасының аға оқытушысы,

гуманитарлық пәндер магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<