Бізге керегі – бейбіт өмір

1087

0

Ел бірлігіне, тәуелсіздіктің тұтастығына сын сағаты  туды. Жағдайды толығымен Мемлекет басшысы бақылауға алды. Туындаған мәселе рет-ретімен шешілуде. «Ел аман, жұрт тыныш» деген бір ауыз сөздің мәнін әрбір адам жете түсініп, оған өз үлесін қосуы тиіс.

Мына жағдайдан халық бейбіт өмірдің бағасын жан-тәнімен сезініп, ұғына түсті деп ойлаймын. Бізге керегі – ашық аспан мен тыныш өмір. Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын ұстап тұру сіз бен біздің қолымызда. Енді бар күш-жігерімізді соған жұмсауымыз керек. Оған әрбір адам үйінде отырып та үлес қосады.

Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсеткенін Президент айтып өтті. Мәслихат депутаттары ҚР Конституциясы мен заңдары аясында қабылданған барлық шешімді толық қолдайды. Осы орайда өз атымнан жерлестерімізді ортақ заңға бағынуға шақырамын. Себебі халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына сай қабылданып жатқан шешімдер мәселені шешуге бағытталған.

Қазақстан аумағында тер­рористік қауіптің  «шекті қызыл» деңгейі енгізілді. Ан­ти­террорлық операциялар басталды. Оны ұйым­дастырғандар, жалған ақпарат таратқандардың барлығы жауапқа тартылатыны белгілі. Билік пен халық арасына сына қағуға тырысушылар бар екеніне көзіміз жетуде. Сондықтан халықтан тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз. Облыс тұрғындары аса бір қажеттілік болмаса көшеге себепсіз шықпауы керек. Тұрғындар өздерімен бірге жеке куәлігін алып жүруі тиіс. Аймақта жағдай тұрақтанып келеді. Территориялық тұтас­тығымыз бен мем­лекетіміздің бүтіндігі – ұлы мақсат. Ұлттың ұлағаттығы, тәуелсіздіктің баяндылығы, елдің амандығы – ең басты мүдде. Халқымыз парасатты дәстүрі бар келешегі мол халық.  Болашақтың жарқын болуының кепілі, ең алдымын, бейбіт өмірде. Бейбіт өмірдің қадірін білуді ата-бабамыз қай заманнан ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келеді. Сондықтан, ата-баба аманатына абай болайық, ағайын!

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<