Облыс орталығындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы ассамблеясы кәсіпкерлер ассоциациясының отырысы өтті.
Жиынға Қазақстан халқы ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Қайрат Айтбай, вице-президенті Көңілбай Шүкенов, басқарушы директоры Олжас Өмірсерік, Ұлттық коммуникациялар және цифрландыру қауымдастығы президентінің кеңесшісі Бақытжан Ізтілеуов және өңір кәсіпкерлері қатысты.
Форум кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасуға, өз идеяларын ұсынуға, өзекті мәселелерді талқылауға, бизнесті дамыту саласында пайдалы білім алуға септігін тигізеді. Негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді біріктіру арқылы бизнес және жалпы ел экономикасын дамытатын қазіргі заманғы кәсіпкерлердің жаңа қоғамдастығын құру.
Жалпы, кәсіпкерлер ассоциациясы аймақтың бизнес өкілдеріне жоба әзірлеуге жәрдемдесуді, сырттан инвестиция тартуды, кәсіпкерлерге көмек көрсетуді, жеке серіктестікке қатысты семинарлар ұйымдастыруды көздейді.
– Баршаңызды қауымдастық қызметіне белсене атсалысуға шақырамын. Қауымдастық «ҚХА жастар қанатына» үлкен көңіл бөліп, кәсіпкерлердің идеялары мен бастамаларын қолдайды. Біз жастарды этнос арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытудың локомотивіне айналады деп сенеміз, – деді Қайрат Орынбайұлы.
Басқосуда қауымдастық президенті жұмыс жоспарымен таныстырып, түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерді көптің талқысына ұсынды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, шешімін табу жолдары қарастырылды.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»





