Бизнеске арналған үкімет: Ашық, қолжетімді, ыңғайлы

302

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы  Жолдауларында  шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, сол арқылы бәсекеге қабілетті, экономикасы өсіп-өркендеген, қуатты елге айналу қажеттігін айтып, нақты міндеттер қойып  келеді.  Бұл бағытта кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарды қолдаудың, оларға бағыт-бағдар берудің маңызы зор. «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек.

… Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды» деп атап айтты Президент былтырғы Жолдауда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикада, оның ішінде біздің өңірімізде де кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мекемелер құрылып, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.  Соның бірі – «Бизнеске арналған үкімет» мекемесі.

Аталған мекеме аймақта кәсіпкерлерге қажетті кеңес беріп, жобаларын сүйемелдеу бағытында жемісті жұмыс жасауда. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір жерден көрсетеді.

Директордың орынбасары Нұржан Тоқмұрзаның айтуынша, мекеме 2016 жылы облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» болып құрылып,  2017 жылы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жанынан «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы»  болып өз жұмысын бастаған. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен  Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде барлық өңірлерде «Бизнеске арналған үкімет» жобасын жүзеге асыру туралы тапсырма берілді. Осыған байланысты сол жылдың мамыр айында облыс әкімінің қаулысымен «Бизнеске арналған үкімет» КММ болып қайта аталып, жобаға сай жаңа форматта жұмыс істей бастады.

Қазіргі кезде «Бизнеске арналған үкімет» ақысыз негізде облыс кәсіпкерлеріне 7 бағыт бойынша 70 қызмет түрін көрсетеді. Оның 32-сі – мемлекеттік, 30-ы – электрондық мемлекеттік қызметтер.

– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету барысында облыстағы 86 мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік ұйымдар және монополист субъектілерімен жұмыс жасаймыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей,  2017 жылдан бері облыс кәсіпкерлеріне қызмет көрсетілуде. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2017 жылы 4 бағытта 40 қызмет түрі бойынша   2439, 2018 жылы 7 бағытта  60, 2019 жылы 9 бағытта  68, 2020 жылы 10 бағытта 89, 2021 жылы 10 бағытта  90,  2022 жылы 7 бағытта  83  түрі бойынша  19592, былтыр 7 бағытта 70 түрі бойынша 20525, ал биыл 7 бағытта 70 түрі бойынша осы уақытқа дейін 19951 қызмет көрсетілді, – дейді Нұржан Жәнібекұлы.

Бизнеске арналған үкімет: Ашық, қолжетімді, ыңғайлы

Мекеменің негізгі бағыттарының бірі –  техникалық шарттар алу бойынша монополист мекемелермен, атап айтқанда, «Қызылорда су жүйесі», «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Қазсушар», «Сыр суы» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы, «QazTransGazAimaq» секілді монополия субъектілерінің барлығымен меморандум жасалған. Айталық, бұрын монополистерге барған кәсіпкер нысанын іске қосу үшін кәдімгі техникалық шартты алуға бір айға жуық уақыт жұмсауы мүмкін еді. Меморандум аясында мекеме кәсіпкерге керекті техникалық шарттарды 5 күн ішінде алып бере алады. Бұл бірлескен жұмыс монополия мекемелеріне де өте тиімді. Республика бойынша осы бағыттағы қызмет жөнінен «Бизнеске арналған үкімет» мекемесі үздік үштік қатарында. Мекемеде көрсетілетін қызмет түрлері жыл санап көбеюде. Оған салаға тұрақты талдау жасап, кәсіпкерлермен жиі кездесулер ұйымдастыру, өзге өңірлермен тәжірибе алмасу іс-шаралары ықпал етуде.

Бүгінде мұнда 23 адам қызмет етеді. Облыс орталығы және барлық аудандарда өкілдері бар.

– Біз – қызмет көрсетуші мекемеміз. Кәсіпкер мекемеге өзінің атынан сенімхат береді. Өкілі ретінде мекеменің қызмет көрсету бағыттары бойынша тиісті мекемелерге барып, сүйемелдеу жасаймыз.

Ең танымал қызмет түрі – бизнес-жоспар. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік гранттарға қатысу үшін бизнес-жоспарды тегін жасап береміз. Қазіргі уақытта ақылы қызметке жүгінсе, ең қарапайым бизнес-жоспарды орта есеппен 50 мың теңгеге жасайды. Ал біздің тарапымыздан бұл қызмет тегін көрсетіледі. Мысалы, биыл қараша айына дейін 1434 бизнес-жоспар жасап бердік. Олардың ішінде кәсіпкерлер, қызметін енді бастағандар да бар. Тағы бір айта кетерлігі, біз арқылы іс бастағысы келгендер кәсібін тіркей алады. Салық саласына қатысты 17 қызмет түрін көрсетеміз. Сөйтіп әрі қарай сүйемелдей береміз. Мысалы, бірер жыл бұрын тіркелген кәсіпкер кейін техникалық шарт алуға, жаңа нысан құрылысын бастауға келеді. Біразы бүгінде үлкен жобалармен жұмыс жасап, қызмет аясын кеңейтіп жатыр. Олардың қалыптасу кезеңі көз алдымызда.

Облыстың барлық кәсіпкерлеріне сапалы қызмет көрсету – біздің ұжымның басты мақсаты мен міндеті. Жыл басынан бері мекеме 20 мыңға жуық қызмет көрсетті. Тіпті жарнама эскизін жасау бойынша да көмек берудеміз. Дизайнерлік қызметі де тегін. Оған қоса, бүгінде кәсіпкерлікті қолдау саласындағы «Бизнеске арналған үкімет», «Өңірлік инвестиция орталығы», «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Аграрлық несие  корпорациясы» филиалы, осылардың барлығы бір ғимаратта жұмыс жасауда. Бұл кәсіпкерлерге тиімді болу үшін жасалып отыр. «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай офисінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыретін арттыру мен қаржыландыру мәселесі бойынша барлық қызметтер мен кеңес ала алады. Соның арқасында бизнес өкілдері бұрынғыдай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды. Бұл дегеніміз – бизнесті қолдау, – дейді Нұржан Тоқмұрза.

Қорыта айтқанда, «Бизнеске арналған үкімет» ашықтық, қолжетімділік және ыңғайлылықты қамтамасыз етуде.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<