Бизнесті қолдау – басым бағыт

389

0

Бизнесті қолдау – басым бағыт Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жылдағы дәстүр бойынша жергілікті бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесті. 
2018-2020 жылдардың жаппай кәсіп­керлікті дамытудың үшжыл­дығы ретінде жариялануы халықты жұмыс­пен қамту мәселелерін тиімді шешуге, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Осы бағыттағы кешенді «жол картасын» жүзеге асыруға алғашқы жылы – 32 млрд, биыл 34 млрд теңге жұмсалды. Жыл басында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 42342 болса, 11 айда ол 45423-ке жетті.
– Бұл кезеңде саланы дамыту, бизнеске барынша жағдай жасау жөнінен біршама жетістікке жеттік. Кәсіп иелеріне қайтарымсыз гранттар берілді, шағын несие алудың типтік жоспарлары әзірленді. Жобаларды сүйемелдеу мақсатында ауылдық округтерге облыстық деңгейдегі лауазымды азаматтар бекітілді, – деді аймақ басшысы.
Облыстағы екі бірдей озық кәсіпорынның сапа саласындағы жетістігі үшін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуі – зор мәртебе. Оның ішінде «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша – «СКЗ-U», «Азық-түлік тауары және/немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Мағжан және К» компаниялары марапатталды.
Ал өткен жылы аталған сыйлықтың «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша Сыр өңірі үздік атанған еді. Жиын барысында бизнес қауымдастығының өкілдері ой-пікірлерін ортаға салып, мемлекет қолдауы үшін ризашылық білдірді.
Сондай-ақ, бірқатар кәсіпкер облыс әкімінің алғыс хатын алды. Олардың қатарында Арал ауданында «Sulpak» гипермаркетін ашып, 30 адамды еңбекпен қамтыған Жұбаныш Аманжолов, көмекке мұқтаж жандарға демеушілік жасап жүрген қазалылық Фатима Қазбергенова, 160 тұрғынға жұмыс тауып беріп отырған Қармақшыдағы «Мир-2001» серіктестігінің директоры Сейфулла Әжмолдаев және тағы басқалар бар. 

Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<