Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың XХ сессиясы өтіп, күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталып, биылғы облыстық бюджетті алғашқы нақтылауға енгізілген ұсыныстарды қолдауды сұрады.
– 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентімізге облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндадым. Мемлекет басшысы атқарылған істерге оң бағасын беріп, жұмысты күшейтуді тапсырды. Былтыр өздеріңізбен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде аймағымызда экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Осы жылды да оң нәтижелермен бастадық. Қаңтар айындағы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім бар, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,1, құрылыс жұмыстары 67,2, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 18,9, тартылған инвестициялар 9,8 пайызға, жалпы сауда 2,3, байланыс қызметі 0,2 пайызға артқан.
Мұнай өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Биылғы қаңтар айында 262,6 мың тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға төмендеген.
– Мұнай-газ саласындағы осы тенденцияны ескере келе, біз өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық саланы жан-жақты дамытуға басымдық бердік. Экономиканы әртараптандыруда өткен жылы өңірде құны 37 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биылға 288 млрд 600 млн теңгенің 33 жаңа жобасы межеленген, мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жақсы жағдайдағы жолдың үлесі былтыр 92 пайызға жетті. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, көрсеткішті 95 пайыздан асырамыз. Халықтың 98,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіземіз. Газбен қамту көрсеткіші қазір 78 пайыз, жыл аяғына дейін 82 пайыз болмақ.
Былтыр 9 желтоқсанда өздеріңізбен бірге осы жылға арналған облыстық бюджетті бекіттік. Бүгін алғашқы нақтылауға ұсынылуда. Өткен жылдың қорытындысымен қалыптасқан бос қалдықтар, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен оңтайландырылған қаражат жобаларды қаржыландыруға қайта бағытталуда. Ұсынылған жобалардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге негізделген. Қолдауларыңызды сұраймыз, – деді облыс әкімі.
Кейінгі жылдары облыс орталығын дамытуда, оның ішінде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, мәдени орталықтар мен демалыс объектілерін салу қарқынды жүргізілуде. Бүгінде қаланың, аудандардың архитектуралық-сәулеттік келбетін көркейтіп, тұрғындар мен қонақтар демалып, серуендеуге қолайлы жағдай жасау, туристік әлеуетін көтеру үшін саябақтар қайта жаңғыртылады деп жоспарлануда. Осы нақтылауда аталған жобаларды қаржыландыруға 10 млрд 109 млн теңге бөлу ұсынылды. Мәселен, «Достық үйі» ғимаратының құрылысын бастауға 1 млрд теңге, Тарихи-мәдени мұра орталығының құрылысына 660 млн теңге бөлу ұсынылды. Қалада музыкалық колледждің құрылысы жүргізілуде. Осыған байланысты құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 921 млн теңге бағыттау ұсынылды.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша көптеген жоба жүзеге асырылуда. Маңызды жобалардың бірі – Бейбарыс сұлтан – Жаппасбай батыр көшелерінің қиылысындағы автокөлік жол айырығын күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігіне байланысты 435 млн 200 мың теңге қарау ұсынылды.
Сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында күн тәртібіндегі мәселелер талқыланған болатын. Атап айтқанда, «2025-2027 жылдарға арналған бюджет туралы» облыстық мәслихаттың №130 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Фарида Аббасова хабарлама жасаса, «Қызылорда қаласының көшелерін атау және қайта атау туралы» облыстық әкімдіктің 2014 жылғы №745 және 2015 жылғы №258 қаулысы мен облыстық мәслихаттың №233 және 2015 жылғы №333 шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюповтың хабарламасы тыңдалды. Сонымен қатар «Әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы №143 шешіміне өзгерістер енгізу және «Әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы №352 шешіміне толықтырулар енгізу туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов баяндады. Ал «Облыстың елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2015 жылғы №263 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев хабарлама жасады. Күн тәртібінде көтерілген мәселелерге қатысты депутаттар сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





