Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиевтің қатысуымен өткен өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте былтыр атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтылды.
Өткен жылы бөлінген бюджет көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артып, 87,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражатқа 177 жобаның құрылысы жүргізілген. Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен бірнеше әлеуметтік маңызды жобалар ел игілігіне табысталды.
Оның ішінде Қызылорда қаласында 4 іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар салынған.
− Басты мақсатымыз – балалардың мектепке қатынауын жақын және ыңғайлы ету. Екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеу. Қазіргі нарықтық бағамен есептегенде бір мектепке орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал жоғарыда аталған бір қосымша құрылысқа 700 млн теңге жұмсалды, бюджет қаражаты үнемделді. Сонымен қатар 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді, − деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ аудандарда 4 ауылдық клуб, Қызылорда қаласында отбасы орталығы пайдалануға берілсе, 8 спорт кешені іске қосылды.
Ерекше атап өтетін жайт, облыс көлемінде құрылысы 2018-2020 жылдары басталып, түрлі себептермен аяқталмай қалған Жаңақорған кентіндегі 300 орындық, Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп және 600 орындық мәдениет үйі, «Жақсықылыш» кентіндегі спорт кешенінің құрылыстары да аяқталып ел игілігіне берілді.
− Ал биыл 111 жобаны жүзеге асыруға, бұған қоса 7 ауданда «руханият орталықтарының» құрылысына қаржы бөлінуде. Осылайша басқарманың бюджеті артып отыр. Бұл қаражат жыл соңына дейін жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін тағы да ұлғаятын болады, − деді Е.Төрәлиев.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<