Бюджет жарты триллион теңгеден асты

2690

0

Бір жылда қаржылық мүмкіндік қалай қалыптасты?

ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттардың құрамы жаңарды. Мәжіліске өзіндік көзқарасы бар саяси ұстанымдағы күштер келді. Енді Парламенттің құзыреті мен қызметі өзгеріп, депутаттардың рөлі де едәуір күшейеді. Әр өңірден сайланған өкілдер жергілікті жердің экономикалық өсіміне қажетті қаржының дұрыс бөлінуіне ықпалын тигізетіні анық. Қарапайым сөзбен айтқанда, ортақ қазаннан алатын үлестің қандай мөлшерде бөлінетіні осы азамттарға да байланысты.

Саладағы жаңа реформа

Сарапшыларға сенсек, жаһанды дағдарыс қысқанымен, Қазақстан әзірге қаржыдан тарыққан жоқ. Десе де бүгінде әрбір тиынның қажетті жерге жұмсалып, оның дұрыс игерілуі маңызды. Өйткені бізде бюджетті тиімді игеруде әлі де мәселе барын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде нақтылаған еді.

«Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеру проблемасы әлі де бар. Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін жаңа Бюджет кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс» деді. Сонымен бірге Президент былтырғы Жолдауында «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауды тапсырды. Бюджет саясатына реформа жасалатынын және бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітілетінін де айтқан еді. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстануды да еске салды. Енді Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Оның қаражаты аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.

Расымен қай өңірдің де әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуі, үлкен жобаларды жүзеге асыру, ең алдымен, қаржыға келіп тіреледі. Бұл ретте, облыстың тайқазаны былтырмен салыстырғанда екі есе толысып, тың жобалардың қолға алынғанын айту керек.

–    Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың және облыс әкімінің табандылығы нәтижесінде Сыр елінде тың жобалар жүзеге асып, ауқымды инвестициялар тартылуда. Тіректі салаларда серпінді қадам жасалып жатыр. Мұндай іс мол қаржының келуімен байланысты екенін білеміз. Ал бұл жағынан алғанда, облыс бюджеті былтырмен салыстырғанда 1,5 есе артты. Облыс басшысының жоғарыдағы министрліктерге барып, әрбір жобаны сәтті қорғап, оны дәлелдеп шыққан іскерлігінің арқасында өткен жылмен салыстырғанда бюджет 38,6 пайызға ұлғайып отыр. Оның ішінде қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталғанын көріп, қуанып қалдық. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасын арттыруға қаралған қаржы 99,4 млрд теңгеге өскен. Облыста кейінгі кезде қолға алынған ірі жобалар, қалаға көрік беретін ғимараттар мен тұрғын үй құрылысының қарқыны байқалады, – дейді қаржы саласының ардагері Қамбар Әжібеков.

Тайқазанымыз толысып тұр

2022 жылға облыс бюджеті 387,3 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл ішінде жүргізілген нақтылау жұмыстары нәтижесінде 441,2 млрд теңгені құраған. Оның ішінде облыстың өз кірістері 76,1 млрд теңге, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер 160,6 млрд теңге болды.

Осы нақтылау жұмыстары нәтижесінде бюджет көлемі бекітілген көлемнен 53,9 млрд теңгеге немесе 14 пайызға өсті. Бөлінетін қаржының көп бөлігі әдеттегідей әлеуметтік саланы қолдауға бағытталды. Айталық, 2022 жылы әлеуметтік саланың үлесіне 275,3 млрд теңге тиіп, яғни, жалпы бюджет көлемінің 62,3 пайызын құрап отыр.      Оның ішінде білім саласы 217,1 млрд теңге, денсаулық сақтау саласы 7,9 млрд теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру 30,9 млрд теңге,  мәдениет, спорт салалары 19,3 млрд теңге көлемінде.

Биылғы меже де көңіл қуантарлық сандарға толы. Демек, Мемлекет басшысының ерекше қолдауына ие болып отырған облысымызда ірі-ірі жобалар іске асып, әлеуметтік-экономикалық дамуымызда оң нәтиже болады деген сөз.  Тағы да деректерге жүгінейік. Облыстық экономика және қаржы басқармасының берген мәліметтерінше, 2023 жылға облыс бюджеті 536,9 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 149,6 млрд теңгеге немесе 38,6 пайызға ұлғайып отыр.

Жыл басынан бері жүргізілген нақтылау жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша облыс бюджетінің көлемі 542,6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде облыстың өз кірістері 84,5 млрд теңгені, ал республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер 53,1 млрд теңгені (даму трансферттері 44,5 млрд теңге, бюджеттік кредиттер 8,6 млрд теңге) құрайды. Табанды жұмыстардың арқасында осы аралықта облыс бюджетінің көлемі 5,7 млрд теңгеге өскен.

2023 жылы облыс бюджетінің әлеуметтік бағыты сақталды. Бұл ретте, биылғы әлеуметтік саланың үлесі 374,7 млрд теңгені, яғни, жалпы бюджет көлемінің 70 пайызын құрап отыр. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 99,4 млрд теңгеге немесе 36,1 пайызға жоғары деген сөз. Оның ішінде білім саласына 293 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 14,1 млрд теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға 39,8 млрд теңге және мәдениет, спорт салаларына  27,8 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Тіректі салалардағы серпінді қадам

Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері республика өңірлері арасында жоғары орындарға көтерілді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8, инвестициялар тарту  26,8 пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,3, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,6 және сауда көлемі 2,3 пайызға артты.

Енді әр сала бойынша жекелеп тоқталайық. Аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада бірінші орынға шықты. Өткен жылы атқарылған шаралардың нәтижесінде инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 100,6 млрд  теңгеге артты.

Шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасуда. Индустрияландыруды дамыту аясында құны 1 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 200 мың текше метр бетон шығаратын зауыт («Нұр Орда Жолы» ЖШС), 324 тонна балық өңдейтін («Тұрған тамы» ШҚ), 1056 тонна балық ұнын өндіретін («Игіліков» ЖК), 630 тонна күріш ақтайтын («Шаған» ФҚ) және 23,4 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехтар («Вега-Пром» ЖШС) іске қосылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жалпыұлттық Бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 877 млрд теңгені құрайтын 30 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды («Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық ұнын шығару цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы»).

Биыл құны 13,4 млрд теңгені құрайтын 9 жобаның іске қосылуы жоспарлануда. Шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар да жоқ емес. Өткен жылы орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қала аумағын жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін, 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд  теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.

Түріктің белді «Коч Холдинг» компаниясымен Жаңақорған ауданында «Қызылорда-Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы басталмақ. Жоба құны – 50 млн АҚШ доллары. Осы компанияның еншілес кәсіпорны – TAT компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару әдісімен 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ тұқымы егіліп, жаңа өнім жиналды.

Өңдеуші өнеркәсіпке серпіліс беру мақсатында шыны зауыты жанынан құны 100 млрд теңге болатын 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспары бар. Оның төртеуі бойынша жобалау жұмыстары басталса (шыны талшықтар мен композитті материалдар, айна, жұқа шыны, шыны сыйымдылықтар), қалған жобаларға инвестор іздестірілуде.

Негізгі түсім салық көздерінен

Облыстың жергілікті бюджетінің негізгі түсімі салық көздерінен жиналады. Оның 86%-ын салықтық түсімдер құрайды. Айталық, өткен жылы жергілікті бюджет жоспары 104%-ға орындалып 2,8 млрд теңге артығымен түскен. Облыстық бюджет жоспары 102%-ға орындалып немесе 647 млн теңгеге артқан.

Сандарды сөйлетсек, жалпы түсім 79,9 млрд теңге болса, салықтық түсім 68,2 млрд теңге. Оның 8%-ын салықтық емес түсімдер және 6%-ын негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер  құраған.

Салықтық түсімдерден жоспар 106%-ға орындалып, 3,9 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілді, түсім қарқыны 9,9 млрд теңгеге артты.  Барлық аудандар жоспардың орындалуы мен түсім қарқынын 100%-дан жоғары қамтамасыз еткен. Бұл түсімдердің 35%-ы бюджеттік салаға, 21%-ы ірі шаруашылық субъектілеріне, 15%-ы орта бизнес субъектілеріне, ал 12%-ы мұнай компанияларына тиесілі.

Бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету және салық  базасының резервтерін кеңейтуде әлі де бірқатар мәселе бары рас. Оны шешудің жолдарын аймақ басшысы айтып-ақ келеді. Салық төлеу мәдениетінің төмендігі, оны жасыру фактілері де орын алатыны жасырын емес. Егер кәсіпкерлер жұмысшылардың жалақысын, табыстарын жасырмай, бюджетке төленуге тиіс салықтарын мерзімінде төлеп, әлеуметтік жауапкершілікті сезінсе, күрмеуі шешілмеген іс қалмас еді. Президент тапсырмасына сәйкес, енді жаңадан енгізілетін салық-бюджет саясаты қаржы-экономикалық функцияларды өңірлердің пайдасы үшін барынша орталықсыздандыруы тиіс. Кірістер мен шығыстар бабының айтарлықтай көлемі жергілікті деңгейге беріледі. Жалпы салық-бюджет саясаты жетілдірілсе, бұл оның көп түсуіне де оң әсер етеді. Өйткені банкрот болатын кәсіпорындар саны азаяды, тиісінше салықтық база қысқармайды, ұлғаяды.

Бұл ретте аймақта әлеуметтік салаға серпін беретін мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, былтырғы жылы 31 315 жаңа жұмыс орны ашылып, 3 422 адамға 4,1 млрд теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалды.

Биыл 43898 адамды жұмысқа орналастыруды және 1526 адамға жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған 2,1 млрд теңге көлемінде грант беру жоспарлануда. Сонымен бірге 257 кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға 2,5 пайызбен несие алу үшін мемлекеттен 1,3 млрд теңге қаражат қаралуда.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Экономиканың нақты секторы – тұрғын үй құрылысын салу қарқынды жүруде. Қаладағы апатты деп танылған тұрғын үй иелеріне 60 пәтерлі жаңа арендалық, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй тарту етілді.

Өткен жылы мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 9,1 млрд теңге қаржы бөлініп, бұл қаражатқа 32 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, оның 12 тұрғын үйі пайдалануға берілді. Ал биыл 23 тұрғын үй халық игіліне табысталып, барлығы 982 отбасы баспаналы болмақ.

Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге, барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен қолдау екені рас.

Жалпы бюджет саясатында нақты істер мен реформалар қолға алынды. Бұрын бюджетті игереміз деп жұмыстың сапасы кейінге сырғып кететін. Енді мұндай келеңсіздіктерге жол жоқ. Бұдан былай жергілікті экономика және қаржы басқармалары тек бюджет қаражатын бөлумен айналыспай, оның бүйірін толтырудың да көздерін іздестіретін болады. Өйткені, бюджет туралы кодекстегі түзетулерде өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейту, соның ішінде салықтық және салықтық емес түсімдердің қосымша түрлері жергілікті деңгейге берілетіні айтылып жүр. Енді тек барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оны жүзеге асыру міндеті тұр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<