Бюджет жоспарының орындалуы мен салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды

279

0

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен салық базасын ұлғайтуға байланысты мәжіліс өтті. Мәжіліске дербес бөлім мен мекеме, кәсіпорын басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – салық базасын ұлғайтуға байланысты берілген тапсырмалардың орындалуы мен осы мақсатта арнайы құрылған жұмысшы топтардың жұмысы жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бақытжан Жарылқап хабарлама жасады. Мұнан соң аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелімі туралы қысқаша айтып өтсе, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Мейрамбек Ибраимов бюджет жоспарының орындалуы және қосымша резерв көздері туралы баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған аудан әкімі бюджет түсімі бойынша белгіленген жоспардың толық орындалуы тиіс екенін атап айтты. Сондай-ақ бюджетке кіріс түсірудің жолдары өте көп екенін айта келіп, ең алдымен салық базасын ұлғайтуға байланысты құрылған жұмысшы топтың жұмысын күшейтуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында әрбір ауылда туып өскен кәсіпкер азаматтардың туған жерлеріне мүмкіндігінше кәсіп көзін ашу, салық төлеуші ретінде тіркелуін ұйымдастыру керектігін және салық салу базасын ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз бюджетімізге қаржы түсіру қажеттігін айтты. Ал, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Мейрамбек Ибраимовқа 2023 жыл үшін көлік салығын төлеу мерзімі аяқталғанымен әлі де жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша берешектерін өндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын ескертті.

Жиын соңында аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстарға тоқталып, бұл жұмыстар жыл соңында дейін жалғасатындығын айтты.

Осыған сәйкес тазалық мәселесін күн тәртібінен түсірмей жауаптыларға әрбір аумақ бойынша тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыруды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<