ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш Жолдауында «Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі. Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!» деді.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы сындарлы қоғамдық диалог татулық пен тұрақтылық негізі екенін баса айтты. 2020 жылы волонтерлар жылы болатынын еске сала келе, «Маңызды міндеттердің бірі – жастар мен студенттерді ерікті жұмысқа тарту, оларға белсенді өмірлік позицияларды сіңіру. Бұл – азаматтық қоғамдық бекемдеуде жұмысымыздың маңызды бөлігі» деді. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын тілге тиек етіп, ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығын болдырмау мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырғанын мәлімдеді.
Жас маман жобасының да қолдауға ие болғаны айтуға тұрарлық жаңалық. Оны іске қосу үшін тамыз конференциясында Президент Үкіметке нақты тапсырма берді.
Жолдауда Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тағы бір айқындаған мәселелерінің бірі – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі. Президент бұл тұрғыда «Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет» деп атап өтті.
Жолдауда аталған міндеттерді орындау үшін бүкіл қоғамның тас-түйін бірлігі мен ынтымағы қажет. Әрине, бұған барша қазақстандықтар жұмылуымыз керек.
Шолпан СҮЛЕЙМЕНОВА,
№277 мектеп-лицейінің мұғалімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<