Бөденеде береке бар

1058

0

Мемлекет ұсынған тиімді бағдарламаны пайдаланып, шағын кәсібін ширатып жүргендер көпке үлгі. Солардың бірі – жаңақорғандық Нұрайлым Жамалдин. Ол былтырдан бері құс өсіріп, өнімін аудан тұрғындарына ұсынып келеді.

– Өзім жұмыссыз болған соң үйде құр отырғым келмеді. Жолдасыммен ақылдасып, бизнес бастамақ болдым. Осылайша мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып, құжаттарымызды дайындадық. Былтыр күзде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында қайтарымсыз грант ұттым.

 Жалпы сомасы – 1 млн 225 мың теңге. Осы қаражатқа бөдене және оны өсіруге қажетті инкубатор жабдықтарын, арнайы торлы орын мен түрлі дақыл араласқан жем сатып алдық. Қазір жұртшылық бөдене еті мен жұмыртқасының емдік қасиетін жақсы біледі. Ойлау қабілетін арттырып, түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Дәмі де бөлек, ұзақ сақтауға да төзімді. Негізі ғылымда бөдене жұмыртқасын қарт кісілер мен балаларға, аяғы ауыр немесе жас аналарға көптеп тұтыну керектігін айтады. Әсіресе, бойында әлсіздік бар адамдарға бөдене өнімдері пайдалы, – дейді кәсіпкер келіншек.

Бүгінде Нұрайлымның 200-ге жуық бөденесі бар. Олардан күніне 50-60 жұмыртқа алып отыр. Аудан тұрғындары кәсіпкерлердің шағын цехынан өнімді емдік қасиеті үшін сатып алады. Ал дәмхана иелері тағамдық мақсатта тапсырыс береді екен. Бір данасы – 50 теңге.

Нұрайлым алдағы жаз айларында бөдене шаруашылығын кеңітпекші. Сондай-ақ күркетауық пен өзге де құс түрлерін өсіруді қолға алмақ.

– Былтыр осындай шағын кәсіп бастаған аудан тұрғындары көп болды, 360 адам түрлі бағыттағы кәсіп ашу үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз қаржы алған. Оның ішінде 285 адам 1 млн 225 мың теңге көлемінде грант ұтса, 75 тұрғынға 612 мың теңгеден мемлекеттік қайтарымсыз қаражат берілді. Биыл да Жаңақорған ауданында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін әр адамға 400 айлық есептік көрсеткішпен, яғни, 1 млн 380 мың теңгеден қаржы беріледі, – дейді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Руслан Мұсатаев.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<