«Бойы 180 см төмен сарбаздарды алмайды»: президенттерді күтіп алатын Құрмет қарауыл ротасы туралы не білеміз? (видео)

577

0

Құрмет қарауылы. Фото: t.me/aqorda_resmi

Қорғаныс министрлігіне қарайтын Құрмет қарауыл ротасына сарбаздар қатаң талаппен қабылданады. Бірнеше сағат бойы саптық қадаммен, қарумен жүруден шаршамайтын сарбаздардың бір күні қалай өтетіні «Таңшолпан» бағдарламасында көрсетілді.

Құрмет қарауылында қызмет ететін сарбаздардың әр қадамы санаулы, әр әрекеті бірдей. Взвод сержанты Тоқтар Асхатұлының сөзінше, тәртіп пен үздіксіз дайындықтың нәтижесінде сарбаздар командирдің пәрменімен әрекет етеді.

Бұл бөлімше мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға, президенттің қатысуымен өтетін жиындар мен шетелдік президенттерді күтіп алу және шығарып салу рәсімдеріне қатысады.

Олардың басты міндеттерінің бірі – қарумен саптық жүріс жасап, әртүрлі қойылым көрсету.

«2015 жылы Бейжіңдегі салтанатты шараға қатыстық. Жүзден аса әскери қызметші дефиле көрсеткен еді. Сол кезде 17 мемлекеттің арасынан бірінші орын алдық», – дейді Взвод сержанты Тоқтар Асхатұлы.

Құрмет қарауылына сарбаздарды қабылдау да қатаң талаппен жүргізіледі екен. Өйткені бұл рота – елдегі ең таңдаулы бөлімше, әрі Қарулы күштердің мақтанышы.

«Сарбаздарды қабылдауға Қазақстан бойынша іріктеу жүргізіледі. Ең бірінші – денсаулығы. Жігіттер моральды психологиялық тұрғыдан төзімді болу керек. Бойы 180 см-нен жоғары болу міндетті. Физикалық дайындығы да шымыр болу керек. 1 жылда 70-80 әскери қызметші қызмет атқарып шығады», – деді рота командирінің тәрибе және идеология жөніндегі орынбасары Ернар Кенжебай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<