Қазір әлем бойынша ІТ, робототехника, бағдарламалау, модельдеу, 3D-жобалау секілді дүниелерге қызығатын жастардың қатары қалың. Ел ішінде болашақтың балаларын дамыту үшін түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Барлық білім беру ұйымдарында қажетті үйірмелер мен секциялар ашылған.
Облыс көлеміндегі қосымша курстар тиімділігін көрсетуде. Аудандарда да серпін бар. Мәселен, Жалағаш аудандық оқушылар үйінде «Legorobo» робототехника, «Smartlab» цифрлық лабораториясы мен «3D Land» кабинеттері жұмыс істейді. Ол жас инноваторлардың шеберлігін шыңдап, мақсатын айқындауына сеп. Сонымен қатар мұнда оқушылар көпсалалы ғылымның тереңіне бойлап, оны зерттеп-зерделеуге мүмкіндік алған. Жаңа технологиялармен танысып қоймай, роботты бағдарламалау, инновациялық технологияларды одан әрі игеруге икемделген. Бұл ретте смарт оқытудың пайдасы мол. Ол жаңа құрылғыларды пайдалана отырып, әлеуметтік желі арқылы білім алмасуға көмектеседі. Lego конструкторлары да оқушыларға тың тәжірибе жинауға, шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға және потенциалын паш етуге мүмкіндік сыйлайды. Топ жарып, жаңаға құмар болуға ынталандырады. Ал, қазір 3D технологияның тілін меңгергенге сұраныс көп екендігін көпшілік те біледі. Бүгінде оқушылар заман ағымына қарай қамданып, осы технологияны игеруге күш салуда. Ол, сондай-ақ, оқушылардың көркемдік ойлау қабілетін дамытып, геометрия, сызу және технология сынды пәндерге бойлауына жол ашуда.
Оқушылар үйінің маңызды мақсатының бірі – жас Цукерберг пен Стив Джобстарды уақыт пен шығынды үнемдейтін технологияға бағыттау. Мұнда, ең бастысы, өркениет талабына сай болуы үшін бар жағдай жасалған. Одан жақсы нәтиже байқалады. Оқушылардың басым бөлігі аймақтық, республикалық олимпиадаларға қатысып, техникалық көрмелерден жүлдемен оралуда.
Жасұлан
БЕКМОЛДАЕВ,
Жалағаш аудандық
оқушылар үйінің әдіскері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<