Бүгінгі таңда қоғамның ең ауыр дертіне айналған есірткі мәселесі – әрбір жастың назарында болуы тиіс маңызды тақырып. Біз, жас буын, тәуелсіз еліміздің ертеңіміз. Ал сол ертеңіміздің жарқын және қауіпсіз болуы бүгінгі таңдаған жолымыз бен қабылдаған шешімдерімізге тікелей байланысты.
Есірткі – бұл жай ғана зиянды зат емес, бұл адамның арман-мақсаттарын күл-талқан ететін, болашағына балта шабатын үлкен қауіп. Қазіргі таңда «синтетикалық есірткі» деп аталатын жат ағымның белең алуы жастар арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бір сәттік алданыш пен жасанды ләззат үшін бүкіл саналы ғұмырымызды, ата-анамыздың үмітін құрбан етуге әсте болмайды.
Нағыз бақыт – есірткінің есеңгіреткен күйінде емес, сапалы білімде, спорттық жетістіктерде және шығармашылық ізденісте. Біздің ең басты байлығымыз – денсаулығымыз бен бостандығымыз. Сондықтан, «бір рет көргеннен ештеңе етпейді» деген жалған сенімге ермей, жат әдеттерге батыл түрде «жоқ» деп айтуды үйренуіміз қажет.
Мен барлық замандастарымды салауатты өмір салтын ұстанып, биік белестерді бағындыруға шақырамын. Біздің күшіміз – білімде, бірлікте және таза болашаққа деген нық сенімімізде! Өз өміріңді қадірле, болашағыңды бүгіннен бастап қорға!
Жалғасбек Айтбай
9-сынып оқушысы
Сырдария ауданы,
Нағи Ілиясов ауылы
132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектебі
Жетекшісі: Гүлфайруз Қалбаева





