«Мен жастарға сенемін». Мағжан ақынның осынау лебізі әлі күнге мән-мағынасын жойған жоқ. Мұны Қазалы ауданында «Болашаққа үміт – жастарға сенім» атты тақырыбында өткізілген форумы тағы бір дәлелдеді.
Аудан орталығындағы «RR» салтанат сарайында өткен шарада қазалылық жастардың қол жеткізген жетістіктері мен жоғары көрсеткіштері кең көлемде сараланды. Шара барысында қоғамдық өмірге белсене араласқан жастар мен таланттарға қолдау көрсеткен жанашырлары марапатталды. Форумға Қызылорда қаласы және көршілес Арал ауданының жастары, республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегерлері шақырылғанын айта кеткен жөн.
Басқосуда Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, аудан жастарының бағындырған белестеріне ерекше тоқталды.
Келесі кезекте аудан әкімі жастарға қолдау көрсетіп жүрген облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, «Агро Өркен» ЖШС директоры Медеу Есқожаев, «Сауаптан құр қалмайық» қоғамдық қорының директоры Мақсұт Қарымсақов, жеке кәсіпкер Әділет Қарымсаққа «Жастар жанашыры» номинациясын табыстап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, жастарды «Жыл таңдауы» номинациясымен марапаттады.
Аудан әкімінің қолынан марапат алғандардың қатарында бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Гүлсая Ержан, қайырымды жас Жангелді Аяғанов, математика пәнінің мұғалімі Құдайберген Төлепбергенов бар.
Салтанатты шарада облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес құттықтау сөз сөйлеп, қазалылық жалынды жастарды марапаттады.
Аудандық форумда жергілікті өнерпаздармен қатар, жастардың арасында танымал әншілер, жерлестеріміз Ринат пен Асылжан Шамшырақ өнер көрсетіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Форумға қатысушылар республикалық «Жайдарман» ойындарының чемпионы, «Арал-ас» КВН командасының белді мүшесі Ақылбек Іскендіровтің өнеріне ризашылық танытты.
Аудандық жастар форумы одан әрі көңілді би кешіне ұласты.
Қазалы ауданы
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<